Қазақстандық суретші әйгілі Louis Vuitton сән үйінде қызмет етеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық суретші әйгілі Louis Vuitton сән үйінде қызмет етеді

04.06.2021

Қазақстандық суретші әйгілі Louis Vuitton сән үйінде қызмет етуге шақырту алды. Анейля Ибраимова Ұлыбритания, Оңтүстік-Африка мен Ирландиядағы танымал сауда желілері мен сәнқойларға арнап қол сандықтарын безендіреді. Талантты суретшімен Лондондағы тілшіміз Марина Бекенова кездесіп қайтты. 

24 жастағы жас талант Анейля Қарағандының тумасы, соңғы он жылдан бері Лондонда өмір сүреді. Сурет өнерін осы жақта меңгерген. Осыдан екі жыл бұрын әйгілі Louis Vuitton сән үйіне қарапайым сатушы болып жұмысқа тұрған Анейля кейін дизайнер ретінде байқауда бақ сынап көреді. 

Анейля Ибраимова, суретші-дизайнер:
Екі айға созылған қатал іріктеуден өттім. Ұлыбритания және Еуропа елдерінің суретшілері арасынан таңдап алынған 17 дизайнердің бірі болғаныма шексіз ризамын. 

Қылқаламның хас шебері қазір Louis Vuitton-ның әйгілі қолсандықтарын безендіреді. Жалпы Louis Vuitton-ның шеберханасына кіруге рұқсат жоқ - өндірістік құпия. Бірақ Анейля бізбен жеке қорындағы фотолармен бөлісті. Мына бір қолсандықта Виктория патшайымның тәжі бейнеленген. Қылқалам шебері түпнұсқаға ұқсатып, дәлме-дәл жеткізуге тырысқан. Айнеляның әрбір суреті қайталанбас дүние. Сондықтан оларды сатып алуға танымал тұлағалар да, өнерге құштар жандар да асық. Анейляның анасы Зәуре Мұхамадиева Лондонда консалтинг саласында еңбек етеді. Бастапқыда қаржыгер болуын қалаған ол қызының шығармашылыққа жақын екендігін байқап, жүрегі қалаған мамандыққа беріпті. 

Зәуре Мұхамадиева, кәсіпкер:
Шетелде бәсекелестік өте жоғары. Бірақ адам еңбек етіп, ұмтыла білсе, әрдайым мақсатына жетеді. Барлықтарыңызға айтарым, жас дарындарды қолдай білейік. 

Анейля жеке шығармашылығын да дамытып келеді. Ол күзге қарай Лондонда өз көрмесін ашуды жоспарлап отыр. Суретші туған жерімен де байланысын үзбеуге тырысады. Болашақта Қазақстанда да жеке көрмесін ашқысы бар.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу