Жерді пайдалану және қорғауға бақылау күшейтіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жерді пайдалану және қорғауға бақылау күшейтіледі

02.06.2021

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер Қазақстан азаматтарына жеке меншікке әзір берілмейді. Тиісті мораторий 2026 жылдың 31-желтоқсанына дейін ұзартылды. Мәжіліс жер қатынастарын дамытуға қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатта жайылым алқаптарының шекарасын белгілеу нормалары да қарастырылған. Мал баққан ауылдағы ағайынның түйткілді мәселесі қалай шешіледі? Дарын Сағитов тарқатады.

Ордабасы халқының өре түрегелуі бекер емес. 300-ге жуық шаңырағы бар елді-мекеннің негізгі табыс көзі төрт түлік. Бірақ мал бар, жайылым жоқ.

Сабыржан Назарбаев, Амангелді ауылының тұрғыны:
Мал қай жаққа барады? Осылай қысыла берсе мал мүлдем жайылымға шыға да алмай қалады. Әрқайсысы қара басын ойлап өз жерін ала берсе ауылдағы ағайындар не жейді, мал не болады?

Атшаптырым аумақты иемденгендер тұрғындардың малын мұнда маңайлатпайды. Білулерінше, бірі бау-бақша егуге, тағы бірі мал жаямын деп заңдастырып алған.

Аманбай Тұрғанұлы, Амангелді ауылының тұрғыны:
Әр үйден қара малдан шыққанда 5 бастан шығады әр үйден, есептей беріңіз, үш жүз үйден мың жарым мал шығады. 200-300 жылқы шығады. 2-3 мың қой шығады. Соның бәрі қайда жайылады? Баратын жайылатын жері жоқ.

 Жайылым мәселесі аз көтеріліп жүрген жоқ. Ауылдағы ағайынның мұң-мұқтажы мәжіліс назарында. Жер реформасы жөніндегі комиссияның отырыстарында талай ұсыныстар айтылды. Бүгін қабылданған заң жобасының бір тармағы да осы жайылымға қатысты.

Қайнар Абасов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бұрын жекелеген тұлғаларға пайдалануға берілген жер учаскелері ауладағы мал жаюға арналған жерлерде болса, осындай жер учаскелерімен не істеуді жоспарлап отырсыздар? 
Айдарбек Сапаров, ҚР ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы:
Ауылдың маңайындағы жайылма жерлер ауылдың малын бағу үшін бөлінетін болады. Бірақ малдың санына байланысты шекарасы бекітіледі. Ол жер жалда болса, мысалы 100 га дейік, онда соған тең 100 га басқа жерден беріледі. 

Ол жерде инфраструктура болса, оған кеткен шығын да өтеледі. Ал жекеменшікке сатылған жайылымдық жерлерді бағалау жүргізіледі. Содан кейін мемлекет қайта сатып алады дейді ведомство өкілі. Құжатқа сәйкес, ауыл шаруашылығы жерлерін бағбандық пен саяжай кешендері үшін пайдалануға тыйым салынды.  Мәжіліс Төрағасы заң жерді пайдалану мен оны қорғауды бақылау жұмыстарын ширата түсетіндігін баса айтты.

Дарын Сағитов, Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу