Таразда Жамбыл өлеңдерін жатқа оқудан өзге этнос өкілдері арасында байқау өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда Жамбыл өлеңдерін жатқа оқудан өзге этнос өкілдері арасында байқау өтті

02.06.2021

Таразда жыр алыбы Жамбыл ақынның өлеңдерін оқудан өзге ұлт өкілдері арасында офлайн-байқау өтті. Республикалық өнер додасында еліміздің түкпір-түкпірінен 40 сайыскер бақ сынады.Ақын шығармаларын насихаттауға арналған шарадан Сәбит Әлдебайдың материалы. 

Байқаудың шартына сай сайыскер ақын жырын жатқа айтып, тағы бір әнін я болмаса халық әнін орындауы тиіс. Жасына, мамандығына қарай шектеу жоқ.Жарысқа қатысуға еліміз бойынша жүзге жуық үміткер өтініш білдірген.Іріктеу турынан өткен 40 адамның арасында Мухаббат Алиханова да бар. Ұйғыр ұлтының өкілі ақын өлеңдерін нақышына келтіріп орындайды. 

Мухаббат Алиханова, Тараз қаласының тұрғыны:
Ұйғырдың қызы болсам да, қазақтың елінде жерінде тұрғаннан кейін қазақ тілін оқымау білмеу, сөйлемеу ол ұят нәрсе деп ойлаймын, қазақтың тілін үйренгісі келетін жастарға айтарым, қазақтың патриот жастарымен дос болыңдар дегім келеді.  

Жарыста жыр алыбы Жамбылдың бұған дейін көп айтылмай жүрген шығармалары да шырқалды. Бұл түрлі ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді мейлінше меңгергенін аңғартады дейді ұйымдастырушылар. 

Қалыбек Атжан,  Жамбыл атындағы Руханият және тарихтану орталығының жетекшісі:
Жамбылдың «Ленинградтық өренім» өлеңімен шектеле е деп ойлаған едік, жоқ, Жамбылдың дастандарын да таңдағандар бар. Мұның өзі Жамбыл жырларына деген өзге ұлт өкілдерінің қызығушылығы арта түскенін байқатып отыр. 

Байқаудың бас жүлдесі қазақтың келіні, Шығыс Қазақстан облысынан қатысқан Мәдениет үйінің қызметкері Екатерина Николайқызына бұйырды. Жыр додасына қатысуға ниет білдірушілердің көбейгенін ескерген ұйымдастырушылар жарысты енді халықаралық деңгейде өткізбек.

Сәбит Әлдебай

Хабарламаларға жазылу