Терек мамықтары елордалықтарды әбден әбігерге салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Терек мамықтары елордалықтарды әбден әбігерге салды

25.05.2021

Күн жылына қаптап кететін терек мамықтары халықты әбден әбігерге салды. Қарша бораған үлпілдектің шаң тозаңынан аллергияға шағымданғандар көбейген. Оның үстіне бірнеше күннен бері далада аптап ыстық. Казгидрометтің болжамы қандай? Раушан Сайлауқызы айтсын.

Раушан Сайлауқызы:
Қыста қар әуреге салған қаланы жазда ақ мамық басты. Өзі жұмсақ, мақта тәрізді көзге әдемі көрінгенімен мұның пайдасынан зияны басым. Шоқ түссе өртеніп, қоршаған ортаға залалын келтіреді. Одан қалды адамдардың аузы-мұрнына кіріп, түрлі аллергиялық ауруға ұшыратады екен.

Жапырағы жайқалып өсетін теректің өзі пайдалы болғанмен одан түлейтін ақ ұлпа халық үшін қолайсыз.

Қазына Әбдірахманова, қала тұрғыны:
Баламен серуендеуге шыққам, балалардың мұрнына, аузына кіріп кете ме деп қорқамыз. Өйткені ол вирус тасымалдаушы.

Жылда мамыр, маусым қайталанатын жағдай осы. Қаланы мамықтан арылту көше тазалаушылар үшін де оңай шаруа емес.

Елордалық Рауза Орқара осы уақытта далаға шықса болды жөтел қысады. Тамағы жыбырлайды. Өйткені үлпілдек мамықтардан аллергиясы бар.

Рауза Орқара, қала тұрғыны: 
Мамықтан аллергиям бар. Мұрынға кіреді. Тамақты қышытады. Үйге барып дәрі алып, система аламын. Далаға шықпауға тағы болмайды.

Күн жылынған соң аллергологтарда да маза жоқ. Өйткені шағымданушылар көп. Әсіресе, мамық түсісімен маусымдық ауру қозады. Мұрны қышып, көзі жасаурап күніне төрт бес пациент келеді,- дейді аллерголог.

Қайрат Қиықбаев, аллерголог:
Адамдар өте көп келіп жатыр. Күннің күрт жылынуына байланысты аллергия қозып жатыр. Мамық аллергия болып саналмайды. Ол тасымалдайды. Мұрынға кіреді көзге кіреді. Сонда өкпеге түсед, одан бронхиалды астмаға айналуы мүмкін.

Мамықтан болса керек, кей елдерде теректі қала ішіне отырғызуға тыйым салған. Мамандар табиғаттың бұл құбылысы маусым айының ортасында саябырлайтынын айтады. Ұшқындаған ұлпадан бетперде арқылы сақтану қиын. Өйткені күн ыстық. Мәселен, сыр өңіріндегі температура бүгін 40 градусқа жеткен. Синоптиктер алдағы 10 күнде ауа температурасы 42-градусқа дейін жететінін айтады. Ал қалған өңірлерде аптап ыстық бүгін ертең сақталады. Ауа температурасы 39-градусқа жетуі ықтимал. 27-сінен бастап ауа райы қалыпты нормаға дейін төмендейді.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу