Президенттің Душанбеге жасаған ресми сапарына шолу - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президенттің Душанбеге жасаған ресми сапарына шолу

23.05.2021

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы видео конференция режимінде өткен – біздің Президент БҰҰ-ның мәліметіне жүгінді. 2020 жылдың қорытындысына сәйкес азық-түлік тауарларының әлемдік бағасы соңғы үш жылда ең жоғары деңгейге жеткен. 2030 жылға қарай азық-түлікке деген сұраныс 35 пайыздан асады деп болжанған.

Қ.Тоқаев, экономикалық одақ аясында сауда-логистикалық және көтерме-тарату орталықтарын құрудың маңызына тоқталды. Мұндай жүйе мемлекеттердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, агроөнеркәсіп секторының әлеуетін қолдауға, шығындарды азайтуға, сәйкесінше, негізгі азық-түліктердің бағасын төмендетуге мүмкіндік береді деп есептейді.

Сонымен бірге транзиттік әлеуетті толық жүзеге асыруы үшін көлік күре жолдарындағы трансшекаралық учаскелерді жаңғыртуды, атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық одақтың барлық аумағында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралінің құрылысын аяқтауды тағы да ұсынамын, – деді Мемлекет басшысы.

Осы аптада Қ.Тоқаевтың инстаграм әлеуметтік желідегі парағында «Досым Эмомалимен бірге» деген бірнеше фотосы жарияланды. Иә, Қазақстан басшысы Тәжікстанға ресми сапармен барып қайтты.

Бірден айтып кететін деталь - сәуір айының соңында тәжік-қырғыз шекарасында қарулы қақтығыс болғаны мәлім. Қазақстан Президенті 50 адамның өмірін қиған қақтығысқа байланысты алаңдайтынын білдіріп, тараптарға тиімді шешім іздеуді, ал өзінің олардың бір-біріне сенімін қалпына келтіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын мәлімдеген. Әріптестерімен сөйлескен.

Орталық Азия – ортақ үйіміз, біздің аймақта ірі ойыншылардың мүддесі бар. Мың сан мәселеге қарамай, бір-бірімізбен саяси диалог сақталуы керек.

Бұл тақырыпты сөз жоқ, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон талқылады. Мүмкін фотода бейнеленген тау бөктерінде, оңаша жерде. Бірақ келіссөздердің ол қыры жария етілмеді. Енді аз-маз әдеби шегініс.

Орта ғасырда өмір сүрген атақты ақын, парсы, тәжік халқының ұлы Фирдоуси (940-1030) «Шахнама» дастанын 30 жыл жазған. Дастанда өз елін жаулап алушыларға қарсы халық көтерілісі баяндалады. Ал енді осы шығарманы 1936 жылы қазақтың ақыны, ағартушысы Тұрмағамбет Ізтілеуовтің еркін аударғанын ұмытпаған шығарсыз. Туындының «Рүстем-Дастан» аталатын бөлімі аударма емес, құдды бір қазақтың дастанындай жырланған. Бірақ ақынның көзі тірісінде жарық көрген жоқ, Тұрмағамбеттің жазықсыз қудалауға түскені мәлім...

Тұманбай Молдағалиевтің:

«Рүстем-Дастанымен» Тұрмағамбет,

Барады Фирдоусимен иықтасып», деген шумағымен қайырсақ.

Президент сапары аясындағы келіссөздердің негізінен экономикалық байланыстар, сауда-саттықты ұлғайту төңірегінде өрбігені де заңдылық. Оны Душанбеге барып қайтқан Әсима Нұрбайқызы баяндайды.

Душанбе. Ресми сапар. Шақырту Тәжікстан Президентінен түсті. Көрсетілген құрмет пен ілтипат та бөлек. Тоқаевтың шетелге биыл алғашқы сапары.

Ұлттар сарайы - аса мәртебелі қонақтарды күтетін орын. Қасым-Жомарт Тоқаевты осы жерде сән-салтанатпен қарсы алды. Құрмет қарауылы, екі ел әнұраны.

Қазақ пен тәжіктің достыққа негізделген байланысы бекем. Екі ел арасында шешілмеген мәселе жоқ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Екіжақты ынтымақтастықты дамытуға және нығайтуға байланысты маңызды мәселелер қарастырылатын болғандықтан, біз осы сапарға зор мән береміз. Бұл ретте талқылайтын мәселе жеткілікті. Былтыр пандемияға қарамастан, өзара сауда-саттық көлемі 800 миллион долларға жетті. Бұл сауда-экономикалық саладағы әлеуетіміздің әлі де мол екенін көрсетеді. Жалпы барлық бағыт бойынша ынтымақтастықты нығайтуға болады.
Эмомали Рахмон, Тәжікстан Республикасының Президенті:
Тәжік-қазақ қатынастары бүгінде ынтымақтастықтың барлық саласы бойынша қарқынды дамып келеді. Қазақстан – Тәжікстанның жетекші сауда-экономикалық серіктестерінің ішінде екінші орында.

Байланысты нығайтуға екі ел де мүдделі. Өзара ықпалдастықтың барлық бағытын байыппен қарастырып келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен бұл сапарға ерекше мән беріп отырмын. Тәжікстан өңірдегі маңызды серіктес ел ғана емес, тілектес әрі бауырлас ел. Бүгіні келіссөздер Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы жоғарғы деңгейде екенін тағы да растады. Осы маңызды келісімдер екі ел халықтарының игілігін арттыра түсетініне кәміл сенемін.

Тараптар іскерлік қатынасты жан-жақты кеңейте түсуге уағдаласты. Алдымен cауда-саттық жанданады. Екі ел арасындағы негізгі драйвер де осы сала. Былтыр тауар айналымы коронадағдарыс салдарынан сәл кемігенімен, көп ұзамай қайта жандана бастады. Бірінші тоқсандағы сауда-саттық өткен жылғы осы аралықпен салыстырғанда 7 пайызға көп. Тағы ұлғайтуға екі елдің де әлеуеті жетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстандық компаниялар бірлескен кәсіпорындар ашуға дайын. Тәжікстанда автомобильдер мен автобустар шығаратын және трансформатор зауытының құрылысын бастауға болады.

Ауылшаруашылығы саласын да жанданыру міндеті тұр. Қазақстан бидай, ұн, ет және сүт өнімдері эскпортын арттыруды жоспарлап отыр. Тәжікстан - бізге жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін жеткізеді. Алайда, кедергілер аз емес. Бөгет, тосқауылдарды жою үшін бірлескен көтерме сауда тарату орталықтары ашылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қажетсіз талаптарды азайтып, фермерлерді қолдау үшін орталықтың құрылысына қатысты идеяны қолдаймыз. Ол қазақстандық нарыққа тәжік ауылшаруашылығы өнімдерін жеткізуді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар көлік транзиттік әлеуетімізді тиімді пайдалануымыз керек.

Тәжікстан астанасын электр қуатымен қамтитын негізгі станцияларға енді қазақстандық құрылғылар орнатылады. Кернеуі 110 киловольттық төрт трансформатор жақын арада жеткізілмек.

Еркебұлан Ілиясов, «Alageum Electric» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы:
 Негізгі подстаниялардағы ескі трансформаторлардың орнына жаңа өзіміздің Кентау трансформаторлар зауытының өнімін қоямыз. Тәжікстан елінде 70-80 пайыз трансформаторлардың көбісі біздің Кентау трансформаторлар зауыты. Құны 1 млн доллар.

Жалпы, Тәжікстан таулы аймақта орналасқан ел. Сондықтан мұнда су электр станциялары бағытында ірі жобалар көп. Демек, алдағы уақытта трансформаторларға сұраныс еселеп артады.  Тәжіктер біздің локомативтерге де тапсырысты көбейтті. Осыған дейін екеуін сатып алған. Тағы 4 локомотив алуға келісім жасасты. Тауар құны 10 млн долларға тақау.

Джамшед Джумахонзода, Тәжікстан Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы:
Қазақстандық өнімдерге бағасы мен сапасына қарап тоқталдық. Осыған дейінгі ұзақмерзімді келісімдер нәтижесін берді. Сервистік қызметі, кепілдік мерзімі де көңілден шықты. Сондықтан тағы да келісімге келіп жатырмыз.

Алда қарым-қатынас жаңа бағытта жанданбақ. Душанбе қызмет көрсету саласына қызығып отыр. Ал, бізде ұсынар дүние көп. Сергек, Дамумед, Смарт сити жобалары ұсынылды.

Азамат Асқарұлы, «Qaztrade» компаниясының бас директоры:
Келісіп отыратын жаңа сфераларды айтатын болсам, ол медицина, IT, және жалпы қызмет жасау сферасы.

Ал мәдени-гуманитарлық салада қос ел бір-біріне демеу. Алдағы уақытта біздің жоғары оқу орындарында білім алып жатқан тәжік студенттері үшін білім гранттарының саны екі есе көбейеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біздің халықтар бір-бірін сағынды. Сондықтан мәдени шараларды өткізуіміз керек. Білім беру саласында да ынтымақтастық артады. Тәжік студенттеріне арналған білім гранттарын көбейтеміз. Бұл шаралар жастар арасындағы байланысты жақындата түседі.

Қауіпсіздік. Тұрақтылық. Екеуі кез келген елдің қалқаны. Сондықтан бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Орталық Азия – біздің ортақ үйіміз. Ірі ойыншылардың арасындағы кикілжің көбейіп келеді, әлем экономикасының тұрақсыздығы, терроризм, экстремизм, есірткі, трансұлттық қылмыс үлкен қауіп төндіріп отыр. Өңіраралық қауіпсіздік мәселесінде күш біріктірген жөн.

Келіссөздер қорытындысы бойынша 6 құжатқа қол қойылды. Сүбелісі – сыртқы істер министрліктерінің арасындағы ынтымақтастық. Үш жылға арналған бағдарлама бекіді. Қауіпсіздік бағытында қамтылған дүние көп. Әсіресе, тәжік іргесіндегі Ауғанстан тыныштығы.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР сыртқы істер министрі:
Алдымен, әрине, халықаралық қауіпсіздік проблемалары бойынша Ауғанстандағы жағдайға басты назар аударуымыз керек. Ондағы ахуал баршаны алаңдатып отыр. Өңірлік қауіпсіздікке, әсіресе Орталық Азия аумағына ықпалы үлкен.

Мемлекет басшысы сөз соңында Тәжікстан Президентін Қазақстанға шақырды. Ал Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевты әуежайдан өзі қарсы алды, өзі шығарып салды.

Асима Нұрбайқызы, тілші:
Екі ел арасындағы тасымал көлемі қазір көп емес. Бірақ, арттыруға болады. Ол үшін тариф саясатын оңтайландыру керек. Қос ел үкіметіне мәселені реттеу үшін тиісті тапсырма берілді. Ал жалпы, осы жолғы уағдаластықтар табысты іске асса сауда айналымы 1 млрд доллардан асады. Қасым Жомарт Тоқаев бұл көрсеткіш келешекте екі есе ұлғаятынына сенім білдірді.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу