Мемлекет басшысының Алматыға жасаған жұмыс сапарына шолу

27.09.2020

Президент Қ.Тоқаевтың Алматыға жұмыс сапары аясында Ұлттық сенім кеңесінің мүшелері дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлымен, саясаттанушы Андрей Чеботаревпен әңгімелесті, деп жазды Ақорда сайты. Мемлекет басшысының Алматыда барған нысандары жайлы Досжан Маратұлының репортажы. 

Әу баста бұл жерге психоневрологиялық диспансер салу көзделген еді. Бірақ коронавирус індетінің өршуіне байланысты жұқпалы аурулар ауруханасының филиалы тұрғызылды. Су жаңа ғимаратты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ашып беріп, мүмкіншілігін бағалады. Ішінде рентген, компьютерлік томография кабинеттері мен зертхана да бар. 500 адамға шақталған.  

Досжан Маратұлы, тілші:
- Сол 500 орынның 45-і реанимациялық бөлме. Өлім мен өмір арасында жатқан науқасты аман алып қалу үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Дефибрилятор, жасанды тыныстандыру аппараты секілді медициналық құрылғылар жеткілікті дейді дәрігерлер.

-Бастысы дәрігерлер мен дәрі-дәрмектің тапшылығын болдырмауымыз керек деді Президент. Әрі COVID-ке қарсы күресте жедел жәрдемнің де жүгі ауыр. Сол үшін қалалық станция 35 көлікпен толыққан.  

Нариман Табынбаев, Орталық қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері:  
-Тығыз жұмыс жасап жатырмыз.Өзіміз де күндіз-түні дайындалып жатырмыз. Құрал-жабдықтар бәрі бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-«Сақтықта қорлық жоқ» дейді қазақ. Мына жерде кәсіби мамандар ма бәрі? Жиналды ма? Білімді, білікті адамдар бар ма? -Аурухана салынғанша бәрі дайындалды. -Жақсы онда іске сәт. Бәрі дұрыс болсын. Бәріміз бірге боламыз ғой енді.

«Бірге боламыз» деп дәрігерлерді жігерлендірген Мемлекет басшысы еркінсуге болмайтынын да ескертті. Өйткені шартарапты шарпыған індеттің әлем бойынша екінші толқына жүріп жатыр. Біз де соған дайын болуымыз керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Қазақтар бекер айтпайды ғой, құлан қырда, құндыз суда деп. Сондықтан баршаңызға амандық тілеймін. Жұмыстарыңыз жемісті болсын. Босаңсуға қазір болмайды. Бәріміз жинақты болуымыз керек. Күрделі жағдайда.

Бұдан соң Мемлекет басшысы индустриялық аймаққа ат басын бұрды. 60 кәсіпорынның әзірге 20-сы ғана іске қосылған. Соның бірі-есік терезе шығаратын мына фабрика. 300-ге жуық адам еңбек ететін өндіріс орнының еңбек өнімділігі жылына 475 мың шаршы метр.

Сергей Хрущёв, компания директоры:
-Біздің кәсіпорында барлығы бір жерде шоғырланған. Яғни шикізат та өзімізден. Елде мұндай жағдайда жұмыс істеп жатқан әзірге біз ғана. Тауарларымызды ірі қазақстандық компанияларға ғана сатып отырмыз. Алдағы уақытта Ресей мен Өзбекстан нарығына шығу жоспарда бар.

Ал бұл корейлік Hyundai көлігінің еліміздегі алғашқы зауыты. 28 миллиард теңге инвестицияға салынған концернде әзірге 350 адам еңбек етеді. Құрастырылған көліктің 70 пайызын ішкі нарыққа, 30-ын экспортқа шығару көзделген.  

Досжан Маратұлы, тілші:
Әзірге зауытта Hyundai-дың төрт моделі шығарылады. Кейін оны 6-ға жеткізу жоспарланған. Ал өндіріс көлемі жылына 30 мың көлік. 2023 жылдан бастап оны 45 мыңға жеткізу көзделген. Айта кетерлігі бұл машиналарды қазақстандықтар жеңілдетілген несиемен ала алады.
Бекнұр Несіпбаев, «Astana моторс» компаниясы бас директоры:
-Қазақстар Даму банкі беріп жатқан несиемен сатып алуға болады. 10 пайыз құнын төлеп, қалғанын кредитке 7 жылға дейін 4 пайызбен алуға болады. Қазіргі кезде 45 Оңтүстік Кореядан келген маман жұмыс істеп жатыр. Біздің мамандарды дайындап жатыр. Сосын әр операциядан кейін әр цехта арнайы бөлінген пост бар, сол постта шығарылған көліктің сапасы тексеріледі.

Ал кәсіпорынды аралап көрген Мемлекет басшысы көліктің біріне қол таңбасын қалдырды. Кейін индустириялды аймақтағы өзге кәсіпкерлермен кездесіп, оларға қолдаудың арта беретінін жеткізді.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:    
-Халыққа арнаған Жолдауымда кәсіпкерлікті дамытуға ерекше басымдық бердім. Егер бизнесті өркендетуге мемлекеттік органдар тарапынан шектеу болса, оны еліміздің дамуына қарсы жасалған қылмыс деп санауымыз керек.

Корона дағдарыстың кесірі орасан екені сезіліп-ақ жатыр. Үкімет пен бизнес қаржылық қиындықты бірігіп еңсеруі керек деді Тоқаев. Стратегиялық жоспарлау және реформалар мен кәсіпкерлікті қорғау агенттіктері осы бағытта жұмыс істеуі тиіс. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:    
-Нарықты монополистерден тазартуымыз керек. Сөйтіп шынайы бәсекелестікте жұмыс істегісі келетін кәсіпкерлерге жол ашамыз. Сонда ғана экономикамыз еркін дамитын болады.

Экономиканы ғана емес, демократияны да дамытуымыз керек. Бұл бағытта жұмыс атқарылып жатыр. Елімізде партия, митинг туралы заңдар қабылданды. Енді соған жаңа серпін беруіміз керек. Осы жерде Мемлекет басшысы Қазақстанның өлім жазасын жою туралы халықаралық хаттамаға қол қоюына қатысты түсініктеме берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:    
-Еліміз өлім жазасынан мүлдем бас тартады. Бұл батыл шешім. Конституциямызға сай келеді. Және негізгі заңға түзетулер енгізудің қажеті жоқ. Өйткені Тұңғыш Президентіміз оған онсыз да мораторий жариялаған.

Мемлекет басшысына кәсіпкерлер тарапынан өтініштер те жоқ емес. Бизнес, әсіресе мал экспортына салынған мораторий ді ұзартуды сұрап отыр. Өйткені ол құжаттың мерзімі қазанда аяқталады. Ал оны ұзартпаса ет өнімдерінің өндірісін жандандыру қиын.

Индустриялды аймақтан соң, Қасым-Жомарт Тоқаев «Алмалы» ойын алаңына барды. Жаңғыртудан өткен жер қазір кішкентай ұл-қыздардың мекені. Ата-аналар да дән риза.  Ал бұл SEN деп аталатын музыкалық мектеп. Ән айтып би билеймін дегендерге барлық жағдай жасалған. Жаңадан ашылған нысанды аралаған Президент балалар мен өнер ордасының ұжымына сәттілік тіледі. Осылайша жұмыс сапары аясында коронавируспен күресті күшейтіп, экономиканы ілгерлетудің басты міндет екенін еске салды.   



Хабарламаларға жазылу