Президенттің Душанбеге ресми сапары кезінде 6 құжатқа қол қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президенттің Душанбеге ресми сапары кезінде 6 құжатқа қол қойылды

20.05.2021

Қазақстан мен Тәжікстан бірлескен көтерме сауда тарату орталықтарын құрады. Өйткені, осы салада фермерлер біраз қиындықтарға тап болуда. Сондай-ақ қазақстандық компаниялар автомобиль және трансформаторлар шығаратын бірлескен зауыт салуға дайын. Бүгін Мемлекет басшысының Душанбеде ресми сапары өтіп, онда бірқатар құжатқа қол қойылды. Ел Президенті Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевты кеше әуежайдан өзі қарсы алса, бүгін де өзі шығарып салды.

Душанбе. Ресми сапар. Шақырту Тәжікстан Президентінен түсті. Көрсетілген құрмет пен сый да бөлек. Бұл биыл Тоқаевтың шетелге алғашқы сапары.

Ұлттар сарайы - аса мәртебелі қонақтарды күтетін орын. Қасым-Жомарт Тоқаевты осы жерде сән-салтанатпен қарсы алды. Құрмет қарауылы, екі ел әнұраны.

Қазақ пен тәжік бауырлас халық. Достыққа негізделген байланыс бекем. Екі ел арасында шешілмеген мәселе жоқ. Салтанатты рәсімнен кейін екі жақты кездесу өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Екіжақты ынтымақтастықты дамытуға және нығайтуға байланысты маңызды мәселелер қарастырылатын болғандықтан, біз осы сапарға зор мән береміз. Бұл ретте талқылайтын мәселе жеткілікті. Былтыр пандемияға қарамастан, өзара сауда-саттық көлемі 800 миллион долларға жетті. Бұл сауда-экономикалық саладағы әлеуетіміздің әлі де мол екенін көрсетеді. Жалпы барлық бағыт бойынша ынтымақтастықты нығайтуға болады.
Эмомали Рахмон, Тәжікстан Республикасының Президенті:
Тәжік-қазақ қатынастары бүгінде ынтымақтастықтың барлық сала бойынша қарқынды дамып келеді. Қазақстан – Тәжікстанның жетекші сауда-экономикалық серіктестерінің ішінде екінші орында. Рухани, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ықпалдастық нығайып келеді.

Шағын құрамдағы кеңес кеңейтілген форматта жалғасты. Байланысты нығайтуға екі ел де мүдделі. Өзара ықпалдастықтың барлық бағытын байыппен қарастырып келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен бұл сапарға ерекше мән беріп отырмын. Тәжікстан өңірдегі маңызды серіктес ел ғана емес, тілектес әрі бауырлас ел. Бүгінгі келіссөздер Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы жоғарғы деңгейде екенін тағы да растады. Осы маңызды келісімдер екі ел халықтарының игілігін арттыра түсетініне кәміл сенемін.

Тараптар іскерлік қатынасты жан-жақты кеңейтуге уағдаласты. Алдымен - cауда-саттық жанданады. Екі ел арасындағы негізгі драйвер де осы сала. Былтыр тауар айналымы коронадағдарыс салдарынан сәл кеміді. Алыс-беріс көп ұзамай қайта жанданды. Бірінші тоқсандағы сауда-саттық өткен жылғы осы аралықпен салыстырғанда 7 пайызға көбейіп, 270 млн доллардан асты. Тағы ұлғайтуға екі елдің де әлеуеті жетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Өнеркәсіптік кооперация мен инвестициялық ықпалдастықтың рөлі зор. Қазақстандық компаниялар бірлескен кәсіпорындар ашуға дайын. Тәжікстанда автомобильдер мен автобустар шығаратын және трансформаторлар зауытының құрылысын бастауға болады.

Ауылшаруашылығы саласын да жанданыру міндеті тұр. Қазақстан бидай, ұн, ет және сүт өнімдерін эскпорттау көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Тәжікстан - бізге бақша өнімдерін жеткізеді. Алайда, кедергілер кей жағдайда қолбайлау. Бөгет, тосқауылдарды жою үшін бірлескен көтерме сауда тарату орталықтары ашылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қажетсіз талап тізбектерді азайтып, фермерлерді қолдау үшін орталықтың құрылысына қатысты идеяны қолдаймыз. Ол қазақстандық нарыққа тәжік ауылшаруашылығы өнімдерін жеткізуді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар көлік транзиттік әлеуетімізді тиімді пайдалануымыз керек.

Су энергетика, әскери әлеует мәселелері де жиында жан-жақты талқыланды. Ал мәдени-гуманитарлық салада қос ел бір-біріне демеу. Алдағы уақытта жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақ және тәжік студенттері үшін білім гранттарының саны екі есеге көбейеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біздің халық бір-бірін сағынды. Сондықтан мәдени шараларды өткізуіміз керек. Білім беру саласында да ынтымақтастық артады. Тәжік студенттеріне арналған білім гранттарын көбейтеміз. Бұл шаралар жастар арасындағы байланысты жақындата түседі.

Қауіпсіздік. Тұрақтылық. Екеуі декез келген ел үшін маңызды. Сондықтан бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Орталық Азия – біздің ортақ үйіміз. Ірі ойыншылардың арасындағы кикілжің көбейіп келеді, әлем экономикасының тұрақсыздығы, терроризм, экстремизм, есірткі, трансұлттық қылмыс үлкен қауіп төндіріп отыр. Өңіраралық қауіпсіздік мәселесінде күш біріктірген жөн.

Келіссөздер қорытындысы бойынша 6 құжатқа қол қойылды. Сүбелісі – сыртқы істер министрліктерінің арасындағы ынтымақтастық. Үш жылға арналған бағдарлама бекіді. Әсіресе, Тәжік іргедегі Ауғанстанның тыныштығына бәрі мүдделі.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрі:
Алдымен, әрине, халықаралық қауіпсіздік проблемалары бойынша Ауғанстандағы жағдайға басты назар аударуымыз керек. Ондағы ахуал баршаны алаңдатып отыр. Өңірлік қауіпсіздікке, әсіресе Орталық азия аумағына ықпалы үлкен.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев тәжік мемлекетінің негізін салушы, елі үшін ерен еңбек сіңірген Исмоил Сомони ескерткішіне арнайы барып, гүл шоқтарын қойды.

Кейін Тәжікстанның мәжіліс төрағасы және премьер министрмен кездесті.

Асима Нұрбайқызы, тілші:
Екі ел Президенті халықаралық дейгейдегі түрлі шараларда жиі бас қосқанымен, Қасым Жомарт Тоқаевтың Душанбеге бұл алғашқы ресми сапары. Бүгін бекіген құжаттар аясында бірлесе атқаратын іс көп. Басты мақсат – бауырлас елдердің байланысын жаңа деңгейге көтеруге байлам жасасты. Мемлекет басшысы сөз соңында Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды Қазақстанға шақырды.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу