Алматылықтар ауыз су мен кәріз жүйесі үшін 500 миллион теңге қарыз. Алайда, берешегін уақытылы төлемеген мыңдаған тұрғын мен жүздеген кәсіпкер ескертуді елеп жатқан жоқ, дейді мамандар. Сондықтан, жауапты мекеменің өкілдері борышкерлерді ауыз судан ажыратып, кәріз құбырларын бітеуге көшкен. Нұрхан Нұрланұлы толықтырсын.
Сусын өндіретін бұл ірі кәсіпорын кәріз жүйесіне 6 жарым миллион теңге қарыз. Құбырға орнатылған құрылғы істен шығып, пайдаланылған су мөлшері орташа бағамен есептелген. Алайда, компанияның өкілі мұнымен келіспейтінін айтып, жауапкершіліктен жалтарды.
Суды есептейтін құрылғы істен шыққанда кәсіпорын оны өздері орнатуы тиіс еді. Енді миллиондаған қарызды төлеуге міндетті. Сондықтан, мамандар кәсіпорынның кәріз құбырын бітеп тастады.
Нұрхан Нұрланұлы, тілші:
Ауыз суға қарызы барлардың бірі менің артымдағы өндіріс орны. Берешегі 560 мың теңгеге жеткен. Cу мекемесінің мамандары мұнда бірнеше рет келгенімен, оларды ешкім ішке кіргізбепті. Енді мамандар кәсіпорынды ауыз судан ажырату үшін жергілікті полиция қызметкерлерін шақыруға мәжбүр болды.
Су құбырына рұқсатсыз қосылып, судың да сұрауы бар деген тәмсілді ескермеген кәсіпкер түрлі себеп айтып, тексерушілерге құлақ аспады. Тек мамандардың ауыз суды өшіреміз деген ескертуінен соң қарызын сол бойы төлейтінін айтты.
Биыл 2600 борышкер тіршілік нәрінен қағылып, олардың 80 пайызы қарызын төлеген. Сонымен қатар, көпқабатты үйлерде тұратын 1800-ге жуық тұрғынның кәріз жүйесі бұғатталған.
Олжас Жұмағұлов, Алматы СУ МКК өтім қызметі департаментінің басшысы:
Қазіргі таңда бізде бес бригада бар. Барлығына біз үлгермейміз. Десек те, біз мүмкіндігінше суды өшіруге жеткізбей, сотқа беруге жеткізбей, хабарлама жіберіп, сөйлесу арқылы төлетуге тырысамыз.
Алда су мамандары борышкерлердің тізімін көпқабатты үйлердің кіреберісі мен лифтілерге ілуді жоспарлап отыр. Дегенмен, онда қарызы бар адамдардың аты-жөні жазылмайды. Тек пәтер нөмірі мен қарыз сомасы көрсетілмек.
Нұрхан Нұрланұлы