Елдегі эпидахуал оңала бастады. Вирус жұқтыру көрсеткіші едәуір төмендегені байқалады. Әйтсе де індеттің таралуы бойынша еліміз әлі «сары аймақта» тұр. Екі миллионға жуық қазақстандық коронавирусқа қарсы екпе алып үлгерді. Бүгін эпидемиологиялық ахуал жайлы Үкіметте есеп берген Денсаулық сақтау министрі вакцина жеткілікті, кестеге сай егіліп жатыр деді. Елде эпидахуал тұрақты. Індет жұқтырғандар саны соңғы екі аптада 20 пайызға азайған. Бірақ бұл босаңсуға себеп емес. Министр кез-келген сәтті жағдай нашарлап кетуі мүмкін дейді.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Ауру жұқтыру дерегі бойынша Қазақстан 221 елдің ішінде 105-орында. Аурухана төсектері – 36, реанимацялық орындар – 28%-ға толы. Ал коронавирусқа қарсы екпе екі миллионға жуық адамға салынды. Ал екінші компоненті шамамен 800 мың адамға егілді.
Қазір екпенің қажетті қоры бар. Егу жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр дейді министр. Айтуынша осы айдың соңында «QazVac» пен «Hayat-Vax» вакциналарының тағы мыңдаған дозасы жеткізіледі. Ал вице-премьер санитарлық ережені елемейтіндер көбейіп барады дейді. Мәселен індет жұқтырған немесе байланыста болған үш мыңнан астам адам вокзал, әуежай, кафе, фитнес-орталық секілді нысандарға кірмек болған. Бірақ «Ашық» қосымшасы бұған мүмкіндік бермеді.
Ералы Тоғжанов, ҚР премьер-министрінің орынбасары:
Сол себепті бұл бағытта Денсаулық сақтау министрлігі Әділет министрлігімен және Бас прокуратурамен бірге санитарлық режимді бұзушыларға қатысты тиісті әкімшілік шараларды қолдану тетігін пысықтауы қажет. Осындай шара қолдану туралы ниет бар.
Өйткені жауапкершілікті сезінбейтіндер өзінің ғана емес, өзгенің де өмірін қауіпке тігеді. Сол үшін премьер санитарлық ереженің сақталуын қатаң қадағалауды тапсырды. Әрі «Ashyq» қосымшасының қолдану аясын кеңейту керек.
Асқар Мамин, ҚР премьер-министрі:
Ашық қосымшасы пайдалану оң нәтижесін беріп отыр. Соның арқасында қызмет көрсету саласында бизнестің жұмыс істеу мүмкіндігі жақсарды. Оларға келуші адамдардың қауіпсіздігі артты. Қосымшаны пайдалану салаларын одан әрі кеңейту қажет. Сонымен қатар, шектеу шараларының сақталуын бақылау жөніндегі маниторингтік топтардың жұмысын жалғастыру қажет.
Үкімет басшысы вакциналау жұмыстарын күшейтіп, бірінші және екінші компонентті егу аралықтарын нақты анықтауды тапсырды.
Досжан Маратұлы