Атажұртқа келетін ағайынның қатары соңғы жылдары сейіле бастаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атажұртқа келетін ағайынның қатары соңғы жылдары сейіле бастаған

16.05.2021

Осы аптада Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласына Түркіменстаннан 256 қазақ көшіп келген. Ақпанның соңында бұл мемлекеттен 200 қандас оралған еді. Ал енді келгеніне 3 жылдан асса да, азаматтық ала алмай әбден қажыған қазақтар бар. Маңғыстау облысында. Ауғанстаннан келген. Былай алып қарағанда, ешнәрсеге құқы жоқ адамдар. Құжаты болмағасын жөнді жұмыс істей алмайды, дәрігерге тегін қарала алмайды. Оны айтасыз, дүниеге келген сәби тіркелмеген...

Мәселені зерттеп көрдік. Оралған азаматтардың қазақ екенін растау өте күрделі екен. Көп елдерде жеке бастың құжатында ұлты жазылмайды. Ал біздегі заңнамада қандас статусын алу үшін қазақ ұлтының баласы екенін дәлелдеу керек.

Оралман деген сөзді қандас деп өзгертіп, бауырға одан сайын тартқандай болғанмен, Ұлы ойшылдың «Сегіз аяқ» өлеңінде сипатталатын болмыс, әлі сол болмыс... Ақерке Бектастың материалы.

Фарух Кәләмин – ата жұртқа Ауғанстаннан қоныс аударған қазақ. 77 жастағы қария Маңғыстауға 19 ұл-қызы, немересімен бірге үш жыл бұрын көшіп келген. Алайда әлі күнге дейін не қандас куәлігін, не ел азаматтығын ала алмай жүр. Өз елінде өгейдің күйін кешкені- атамекенді аңсап келген қарияның жанына батады.

Көпбалалы отбасын асырап отырған 21 жастағы ұлы Әбділмәжіт. Құжаты болмаған соң, тұрақты жұмысқа алмайды. Қазір 80 мың теңге айлыққа базарда саудагер. Тапқан ақшасы 19 адамның ас-суына да, пәтерақыға да жетпейді. Қандастар мешіттен көмек алуға мәжбүр.

Әбділмәжіт Фарух, Ауғанстаннан келген қандас: 
Қиын болып тұр. Біз шеше алмаймыз. Жұмыс жағына барамын.Жеке куәлік жоқ, шығып кетемін. Қиналамын. Жұмысты 1-2 жыл істей алмаймын. Істесем екі ай. Ешкім айтпайды проблемасын. Жүгіріп жүрміз. Нәтиже жоқ. Тек мен жұмыс істеймін.  Мен оқуым керек. Аренданы бермесең, 1 ай күтеді, қуып жібереді.

Фатима Әбділғияз – осы отбасының келіні. 2019 жылы Қазақстанға келіп, дүниеге әкелген баласына да куәлік берілмеген. Сәбиі ауырып қалса, жедел-жәрдем келмейді. Дәрігерге тегін қарала алмайды.

Фатима Әбділғияз, Ауғанстаннан келген қандас: 
Қиналып кеттім. Врачтарға барсақ қабылдамайды документің жоқ деп. Қызымның куәлігі жоқ. Қазір 1 жас 6 ай болды. Бәріне бардық, қабылдамайды. Өзіңде Оралман куәлігі болмаса, қызыңда да болмайды,- деді.

Қандастар қазақ екенін дәлелдей алмаған соң құжатсыз жүр. Ұлтын растайтын анықтама – қандас мәртебесін де, азаматтық алуға да негіз болатын басты құжат. Бірақ Ауғанстаннан келген азаматтардың «таскира» деп аталатын куәлігінде ұлтының емес, тек туған тілінің қазақ екені жазылады. Ал біздің заңнамадағы талап – ұлты қазақ екенін растау.

Бақыт Сарай, қоғам белсендісі:
 Ол жоқ деген күннің өзінде мен қазір тікелей Ауғанстан елшілігіне шығып, ол кісілердің қазақ екенін дәлелдейтін құжат алғыздым. Сыртқы істер министрлігіне апарып, растатып беріп отырмын. Бірақ әлі жауап жоқ.
Набат Баймұңалова, Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім меңгерушісі: 
Еңбек министрлігіне хат жолдадық. Бір үлкен отбасының келіп отырғанын, оларға қандас мәртебесін бере алмай отырғанымызды, себебі құжаттары түгел еместігі жөнінде, ұлтын анықтауға қандай көмектері бар екенін сұрап, құжаттар мен бәрін хат қылып жібердік. Бірақ әлі күнге дейін ол хатқа хабар болған жоқ.
Ауыт Мұқибек, Қоғам қайраткері, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
2019 жылы Мәжілісте осы көші-қонға қатысты заңнама талқыланған кезде жұмыс тобының жетекшісі Кәрібай Мұсылманның атына хат жазып, солардың тізімін апарып беріп, ұсыныс кіргіздім. Ұлтының қазақ екеніне күдік тудырған жағдайда соны комиссия арқылы шешу мәселесін кіргізейік, заңдастырайық деп. Жұмыс тобы талқыға салды. Бірақ депутаттар мән-маңызын түсінбеді ме, соған зауқы соққан жоқ, бір-екі талқыдан соң алынып тасталды. Одан бері 2 жыл өтті. Қандастарымыз әлі күнге дейін азаматтық ала алмай келе жатыр.

Қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ауыт Мұқибек көші-қон саясатына үлкен реформа қажет деп есептейді. Айтуынша, қандастарға қолдау көрсетуі тиіс бейімдеу орталықтары да іске келгенде іркіліп қалады.

Ауыт Мұқибек, Қоғам қайраткері, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
Оларға өте обал. Елім, жерім деп келді. Ауғанстандағы жағдайды жақсы білесіз. Ирандағы жағдай мәз емес.  Бірақ үміт бар. Жақында Отандастар қоры жиналыс өткізіп, осы мәселені талқылады. Алда қаралатын заң жобасына міндетті түрде осыны кіргізу. Осы бап кірсе, олардың мәселесі шешіледі.

Иә, Отандастар қорының өкілдері ұлты қазақ екенін растайтын анықтама беру үшін жергілікті әкімдік жанынан жыл соңына дейін комиссия құрылатынын хабарлады. Басты мақсат – бюрократиясыз тез арада құжат беру.

Мағауия Сарбасов, «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті: 
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен қазір тиісті заңнамаларға өзгеріс енгізіліп, Қазақ екенін анықтайтын комиссия құру мәселесі пысықталуда.  Жыл соңына дейін болуы мүмкін. Бірақ біз өз тарапымыздан асықтырып жатырмыз. Себебі өте көп. 50 қандастан басқа келіп түсіп жатқан өтініш көп.

Ал азаматтық алған қандастар жат елде қалған туған-туысын Қазақстанға көшіре алмай жүр. Виза алу – оларды алаңдатқан тағы бір мәселе. Бірінің анасы, енді бірінің жолдасы шекара асып, келе алмай отыр. Қандастар мәселені шешу үшін Президентке де хат жолдаған. Бірақ:

 Бақыт Сарай, қоғам белсендісі:
Президенттен хаттың жауабы «орындалсын» деп келді. Одан бері 2 жыл болды. Нақтылап келгенде орындалған ешнәрсе жоқ.
Мұхтар Кәрібай, ҚР Сыртқы істер министрлігі консулдық қызмет департаментінің басқарма басшысы:
Иә, біз ол хатты білеміз. Толық ол хатпен таныспын.  Бұдан былай осы мәселе түпкілікті шешімін тапты деп біз мәлімдей аламыз. Биылғы жылдан бастап шетелдегі қандастарымызға этникалық қазақтарға берілетін арнайы визаларды беру үшін «қазақ екенін анықтайтын арнайы комиссия» құру жөнінде барлық дипломатиялық өкілдіктерге тапсырма берілді.  Елге келгісі келетін этникалық қазақтарға арнайы виза берілетін болады.

Демек, қандастар енді ұлтты дәлелдейтін құжат іздеп сабылмайды. Жақында ғана шет мемлекеттердегі Қазақстан елшілігінде қандастың қазақ екенін анықтайтын арнайы комиссия құрылды.

Ауыт Мұқибек, Қоғам қайраткері, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
 Карантин тоқтап, шекара ашылатын болса, мен айтар едім қазақ көшінің екінші алтын дәуірі туғалы тұр. Сондықтан біз азаматтық беру жағынан заңнамалық дайын болғанымызбен, оларды қабылдап алу жағынан онша дайын емеспіз. Ертең нөпірлеп келетін болса, оларды орналастыра алмай қаламыз. Сондықтан қазіргі тәртіппен қабылдау мүмкін емес.
Ақерке Бектас, тілші:
91-ші жылдан бері 1 млн 76 мыңнан аса этникалық қазақ Отанға оралды. Атажұртқа келетін ағайынның қатары соңғы жылдары сейіле бастаған. Ресми мәліметке сәйкес, биыл мамырға дейін 5600-ден аса адам қандас мәртебесін алды. Ал бізге сұхбат берген қоғам белсендісі бұл статусты ала алмай жүрген азаматтардың шамамен мыңға жеткенін айтады. Иә, тарихи Отанына тарығып жеткенде көші-қон мәселесіндегі проблемалар түбегейлі шешілмей, қолдан жасалған кедергілер азаймай, көш көбеймейтін секілді.
 Бақыт Сарай, қоғам белсендісі:
Қазақтың үлкен даласы, жеріне келіп алып, мешіттен көмек алу деген ең қиын жағдай ғой. Заң жүзінде құжаты жоқ. Қорқады. Олар сыртқа шығуға қорқады.  «Басқа біз қайда барамыз, кімге барамыз елім, жерім деп келгеннен кейін», - дейді.




Хабарламаларға жазылу