15 мамыр - Халықаралық отбасы күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

15 мамыр - Халықаралық отбасы күні

14.05.2021

Ертең әлем жұртшылығы халықаралық отбасы күнін атап өтеді. Халқымыз қашанда шаңырақтың беріктігі мен қазақы тәрбиеге ерекше мән берген. Отбасы – ынтымақ пен бірліктің ордасы деп санаған. Бүгінде әр шаңырақ бұл қағиданы берік ұстанып келеді. Дегенмен, қоғамда жаһанданудың әсерімен болып жатқан өзгешеліктер де сезіледі. 

 Отбасы – зиялы қоғамның діңгегі. Демек, әр шаңырақтың аман-саулығы кемел келешекке бастайды. Қысқа уақытта сан алуан өзгеріске ұшырап жатқан қоғамда отбасы құндылықтарын сақтап қалу аса маңызды. Бұл ретте ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беру керек. Себебі, өнегелі ұрпақ тұлға болып қалыптасуға ұмтылады.

Мақсұтбек Айтмағанбет, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат комиссиясының мүшесі:
Қазір ана емес, әке емес, мектеп те емес, интернет тәрбиелеп жатыр.  Әйел адам да, ер адам да бірдей балаға көңіл бөлу керек. Осыдан он, жиырма жыл бұрын, интернет жоқ кезде әр ата-ана жарты сағат, бір сағат көңіл бөлсе, қазір бұдан артық көңіл бөлу керек. 

Қазіргі қоғам отбасы құндылықтарын екінші сатыға түсірді. Бірінші кезекте: жұмыс, карьера, табыс. Жанұядағы өмір салтының құлдырап, құнсыздануы әлемдік тенденция. Яғни босаңсуға болмайды. Керісінше, көне дәуірлерден бастау алатын ұлттық дәстүр- салтымыздан қол үзіп қалмауымыз керек. Себебі, жаңғыру да, жаңару да рухани құндылықтармен сабақтас.

Айжан Ахмет, «Еn Baqytty Ei» ҚҚ өкілі:
Салт-дәстүр – біздің идентификациямыз.  Оны ұмытпау керек.  

Көш ілгері кеткен елдермен иық тіресу де маңызды. Ұтымдысын алып, қажетсізін қалдыра білу керек. Сонда ғана, ұлттық тәрбие ұлт болып ұйысуға, отбасы құндылықтарын сақтауға жол ашады.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу