Президент Жер туралы заңға қол қойды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Жер туралы заңға қол қойды

13.05.2021

Шетелдіктерге жер сатылмайды! Бұл мәселеге біржолата нүкте қойылды. Мемлекет басшысы жерді шетелдіктерге жеке меншікке және жалға беруге тыйым салатын заңға қол қойды. Құжатқа сәйкес елдегі ауыл шаруашылығы жерлерін тек Қазақстан азаматтары ғана пайдалана алады. Тіпті шетелдіктердің үлесі бар қазақстандық компаниялар да жер телімдерін ала алмайды. 

Бірнеше жылға созылған жер дауын түбегейлі шешуге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі араласты. Жерді шетелдіктерге сатуға тыйым салатын заңға өзі бастамашы болып, құжатты Праламент қарауына жіберді. Осылайша 2 айдан аса қос палатаның сүзгісінен өткен заң жобасына Президент қол қойды. Сонымен: Енді Қазақстанның ауылшаруашылығы жерлері шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, шетелдік қатысуы бар ҚР заңды тұлғаларына, халықаралық ұйымдарға, халықаралық қатысы бар ғылыми орталықтарға, қандастарға жеке меншікке және жалға берілмейді.

Қазіргі таңда елімізде ешбір шетелдіктің қолында жеке меншік жер жоқ. Жауапты министрлік өкілдері осылай деп отыр. Деегемен,

ауыл шауашлығы жерлерін жалға алған шетелдік компаниялар бар. Бірақ, олар да жалға алу мерзімі аяқталған соң жерді мемлекет меншігіне қайтарады. Заң талабы солай.

Гүлжахан Бимендина, ҚР АШМ жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары:
Ондай компаниялар бізде көп емес. Шетелдік компаниялар 2016 жылғы мораторийға дейін алып қойған 2-ақ компания болып тұр. Олар біздің әрине қадағалауымызда. Ол компаниялардікі біреуі осы биыл бітеді. Екіншісі 25 жылы бітеді.

Заңда сондай-ақ, қандастарға да жер телімі берілмейтіні жазылған. Бұл да маңызды. Себебі, Қазақстан азаматтығы берілмей тұрып жер телімін меншігіне алса, кейін азаматтықтан бас тартқан жағдайда жер өзге елдің азаматының иелігінде қалу қаупі бар.

Сонымен қатар иелігінде ауыл шаруашылығы жері барлар Қазақстан азаматтығынан шықса жер мемлекет меншігіне қайтарылады. Тіпті жерді пайдаланып отырған компанияның үлесі шетел азаматына өтсе де оның иелігіндегі жер кері қайтарылуы шарт. Жер үш ай көлемінде ерікті түрде қайтарылмаса жергілікті атқарушы органдар сот арқылы қайтару құқығына ие болады.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Жер реформасы жөніндегі комиссия да жер телімдері Қазақстан азаматтарына да сатылмайды деген байламға келді. 5 жыл бойы жерді жеке меншікке өткізуге тыйым салатын мораторий жарияланды. Осылайша мемлекет қазақ жерін өзгелердің меншігіне өтіп кетуіне толықтай тосқауыл қойды.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу