Шығыс Қазақстанда бірнеше ауылда мал белгісіз індеттен қырылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда бірнеше ауылда мал белгісіз індеттен қырылып жатыр

13.05.2021

Шығыс Қазақстанда бірнеше ауылда мал белгісіз індеттен қырылып жатыр. Зайсан ауданында соңғы екі аптада жүздеген қозы өлген. Бұзаулар да арам қатқан. Ауыл тұрғындары дабыл қағып жатса, ветеринарлар ешқандай індет жоқ деп отыр. Осы өңірдегі тілшіміз Берік Көшербайдың репортажы.

Бұл бейнекөрініс Шілікті ауылындағы шаруа қожалығында түсірілген. Мал иесінің айтуынша, күн сайын 30-40 қозыдан өліп жатыр.

Белгісіз індет биылғы бұзауларды да баудай түсірді дейді тұрғындар. Сиырлардың да ұртының терісі сыдырылып жатыр. Ауыл тұрғындары ауруды байқай сала білген ем-домын жасап, малын аман алып қалуға тырысып әлек. Бірақ одан нәтиже болмай тұр.

Шілікті, Қарасай және Жалшы ауылында мал сәуір айының соңынан бері өле бастаған. Төрт түлікпен күнелткен халық, жергілікті билік пен ветеринарлардан көмек жоқ деп шағымданды.

Сәуле Ысқақова, Шілікті ауылының тұрғыны:
Жеке бір үйде емес. Бәр үйде сол. Бірақ келіп жатқан комиссияны көргеніміз жоқ. Ана өлген малға өтемақы бере ме, бермей ма? Мына заманда білмеймін. Соған көмек жасаса. Енді көмекті облыс әкімінен сұраймыз.

Мал дәрігерлері болса, өлген бұзау мен қозыдан патологиялық сынама алынып, облыстық зертханаға жіберілгенін айтты. Сараптама нәтижесі әлі дайын емес. Алайда, мамандар алдын ала болжам жасап отыр.

Ертай Батхолдин, облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:
Ешқандай ол жерде қауіпті жұқпалы ауру жоқ. Алайда күтімсіздіктен, арықтықтан шығын бар. Мал өте арық болды. Сол себепті малдың аузы көкке тигенде организмде зат алмау процестерінің бұзылу негізінен осыған әкеп соғады.

Ветеринария басқармасының мәліметінше, сәуір айының соңындағы қар аралас жауын да жас төлдің өлуіне себеп болды.

Ал ауыл тұрғындары сараптама нәтижесін тезірек шығаруды сұрап отыр. Айтуларынша, оған дейін талайдың қорасы қаңырап, тігерге тұяқ қалмай қалуы әбден мүмкін.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу