Еуроодақ Қазақстанмен ынтымақты арттыруға мүдделі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуроодақ Қазақстанмен ынтымақты арттыруға мүдделі

11.05.2021

Еуропалық Одақ Қазақстандағы азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған реформаларды жоғары бағалайды. Әрі қазақ елімен барлық салада ынтымақты нығайтуға мүдделі. Бұл туралы Одақ өкілдері Брюссельде өткен «Қазақстан-Еуропалық Одақ»іскерлік кеңесінің 18-отырысында мәлімдеді. Басқосуға қазақстандық делегацияны Премьер-министрдің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бастап барды. Жиын барысында қос тарап екіжақты байланысты күшейтудің қыр-сырын талқылады.

Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім былтыр наурызда күшіне енген-ді. Бірақ, пандемияның кесірінен алыс-беріс, барыс-келіс азайып, екіжақты тауарайналымы төмендеді. Қос тарап енді сол келісім аясында саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, барлығы 29 сала бойынша ынтымақты күшейтпек.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР премьер-министрінің орынбасары, сыртқы істер министрі: 
Экономикалық ынтымақтастықтан бөлек, халықаралық аренадағы өзара әрекеттестік, адам құқықтары мәселелерін де талқыладық. Ковидтен кейінгі ынтымақтастық жайын сөз етіп, Qazvac ұлттық вакцинасын шығарғанымыз туралы, қазір оны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына тіркеу үстінде екенімізді айттым. Бұл еуропалық серіктестеріміздің қызығушылығын туғызды.

Қазақстандықтарға визалық рәсімді жеңілдету, қазақ жастарының Еуроодақ елдерінде білім алуын қолжетімді ету жайы да назардан тыс қалмады. Қос тарап білім-ғылым, көлік-логистика, экология, қоршаған ортаны қорғау, жасыл энергетиканы дамыту бойынша байланысты бекемдеуге бейім. Жиында Еуропалық Одақ өкілдері Қазақстандағы соңғы саяси-құқықтық реформаларға жоғары баға берді.

Аугушту Сантуш Силва, Еуропалық одаққа төрағалық етуші португалияның сыртқы істер министрі: 
Біз Қазақстанды азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші факультативтік хаттамасын ратификациялауымен құттықтаймыз. Еуропалық Одақ Қазақстандағы реформаларды, модернизация үдерістерін толық қолдайды және бұл реформаларлардың сәтті жүзеге асырылатынына сенім білдіреді.

Брюссельге сапары барысында Премьер-министрдің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді ЕуроОдақтың адам құқықтары жөніндегі арнайы өкілімен, Еуропалық парламент депуттарымен, Еуропалық Одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррельмен де кездесті. Өзара әңгімелесу барысында Еуропалық институт өкілдері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл Брюссельге ресми сапар жасауын асыға күтетіндерін мәлімдеді. Тараптар қазақ Президентінің сапары Қазақстан мен Еуропалық Одақ қатынасына тың серпін береді деген сенімде.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу