«Еуроодақ-Қазақстан» іскерлік кеңесінің отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Еуроодақ-Қазақстан» іскерлік кеңесінің отырысы өтті

21.06.2022

Еуроодақ Қазақстандағы саяси институттар мен азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған реформаларды жоғары бағалайды. Әрі ынтымақты нығайтуға мүдделі. Бұл туралы Люксембургте өткен «Қазақстан-Еуропалық Одақ» іскерлік кеңесінің отырысында мәлім болды. Басқосуға қазақстандық делегацияны Премьер-Министрдің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бастап барды. Қос тарап екіжақты байланысты күшейтудің қыр-сырын талқылады.

Қазақстан үшін Еуропалық Одақ саяси һәм экономикалық әріптестің бірі. Ал, Қазақстан-біріккен Еуропаның Орталық Азиядағы басты сауда серіктесі. Пандемияға қарамастан былтыр өзара сауда айналымы 21 пайызға өсіп, 28,9 млрд долларға жеткен. Тараптар биыл бұл көрсеткішті еселеуден үмітті.

Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім екі жыл бұрын күшіне енген. Қос тарап саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, барлығы 29 сала бойынша ынтымақты күшейтпек. Еуропалықтар «Транскаспий» халықаралық көлік маршруты арқылы алыс-берісті арттыруға ниетті. Сауда, инвестициядан бөлек адам капиталын, сандық технологияны дамыту, аймақтық, жаһандық проблемалар да сөз болды.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі:

Ең бірінші Ауғанстандағы болып жатқан жағдайға байланысты және де Украина мәселесін талқыладық. Ауғанстанға келетін болсақ Еуропалық тарап ең біріншіден билікке келген талибан қозғалысы құрып жатқан үкіметке басқа этностар мен саяси өкілдерін келуді шақыруда. Әрине біз бұл ұстанымды қолдаймыз. Украина мәселесінде біздің біріккен ұстанымымыз қазіргі болып жатқан дағдарысты бейбітшілік келіссөздер арқылы шешуге ұстанымды екенімізді растадық.

Қазақстандықтарға визалық рәсімді жеңілдету, қазақ жастарының Еуроодақ елдерінде білім алуын қолжетімді ету жайы да назардан тыс қалмады. Қос тарап білім-ғылым, көлік-логистика, экология, жасыл энергетиканы дамытуда өзара тәжірибе алмаспақ.

Жиында Еуро Одақ өкілдері Қазақстандағы соңғы саяси-құқықтық реформаларға жоғары баға берді.

Катрин Колонна, Франция сыртқы істер министрі:

Қазақстанның саяси институттарды модернизациялап, демократиялық, ашық етуін құптаймыз. Тұрақтылық, бейбітшілік, адам құқы мен заңның үстемдік етуін таңдаған елге Еуроодақ әрқашан қолдау көрсетуге дайын. Геосаяси жағдай ушыққан тұста Орталық Азиядағы көшбасшы ел Қазақстанмен ынтымақты арттыру біз үшін өте маңызды. 

Елдегі тың өзгерістерге көз жеткізу үшін вице-премьер Мұхтар Тілеуберді Одақ басшыларын Қазақстанға сапарлауға шақырды. Франция мен Люксембург қазақ елімен бар салада ынтымақты күшейтуге ниетті. Бұл туралы қос елдің Сыртқы істер министрлері мәлімдеді.

Жалпы, Еуроодақ елдері Орталық Азия мемлекеттері басшыларымен саммитті Қазақстанда өткізуге құлшынып отыр. Тараптар мәртебелі жиын Қазақстан мен Еуропалық Одақ қатынасына тың серпін береді деген сенімде.




Хабарламаларға жазылу