Түркістан облысындағы Домалақ ана кесенесіне келіп жатқан туристерден гөрі зиярат етушілер көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысындағы Домалақ ана кесенесіне келіп жатқан туристерден гөрі зиярат етушілер көп

05.05.2021

Бүгінде Түркістан облысындағы киелі мекен Домалақ ана кесенесіне келіп жатқан туристерден гөрі зиярат етушілер көп. Қос Бөгеннің сағасындағы тарихи орынға жылына 100 мыңға тарта адам барады.

Домалақ ана - Бәйдібек бидің кіші әйелі. Ұлы жүзден тарайтын Албан, Суан және Дулаттың анасы. Ол ақылды, сабырлы, кішіпейіл қасиетімен төңірегіне мейірім шуағын шашты. Алдағы күнді болжап айтар көрегіндігімен құрметке бөленді. Сондықтан да болар бүгінде бар қазақ оны өз анасындай ардақтайды. Әулие ананы қастерлеп, оған құлшылық ететіндердің қарасы үзілген емес.

Сәттігүл Молдабекқызы, кесененің шырақшысы: 
Бізге мына жерге орыс халқы көп келеді. Олар да біздер секілді қол жайып, ниет етіп, тілек тілейді. Үйге барсақ, келмей жүрген баламыз келеді. Мама деп звондаса жүрегіміз жарылады дейді.

Кесенеден оңтүстікке қарай бір шақырымдай жерде бұлақ бастау бар. Ел аузындағы әңгімелерге сенсек, Домалақ ана Жарықшаққа толғатып, жаны қиналғанда өкшесін жерге қадай тіреген екен. Сол жерден заматта су шыққан деседі. Содан бері бұлақ көзі тартылған емес.

Айтубек Маханбетов, тарихи орындарды қорғау және пайдалану орталығының қызметкері:
Тарихи деректеде айтылады. Домалақ анамыз осы жерде жуынып, су ішіп, содан кейін түйеге артылып, шөккен жері деп айтылады.

 Домалақ ана кесенесіне бүгінде туристерден гөрі зиярат етушілер көп. Қос Бөгеннің сағасындағы тарихи орынға жылына 100 мыңға тарта адам келеді. Салтанат Алдабергенова тарихи орынның сырына қанығу үшін Баянауылдан осында арнайы сапарлап шығыпты.

Салтанат Алдабергенова, зиярат етуші:
Суына келдік. Суы тап-таза және көп ауруларға ем дейді. Соны алуға келдік. Кішкене шомылып аламыз. Домалақ анаға кіріп, өзімізден көп ауыртпашылық қалғандай боп жақсы әсер алып жатырмыз.

Домалақ ана кесенесінің аумағы 4 гектар жерді алып жатыр. Оның құрамында қонақ үй, демалыс орындары бар. Гүлзары мен жасыл желегі жайқалып тұр. Кешен бүгінде мемлекеттік қорғауға алынған.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу