Мақаншы: Ауыл тұрғынының өліміне қатысты іс Үржар аудандық сотына жолданған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мақаншы: Ауыл тұрғынының өліміне қатысты іс Үржар аудандық сотына жолданған

04.05.2021

Шығыс Қазақстандағы Мақаншы ауылында өткен жылы полиция қолынан қаза тапты деген Азамат Оразалыға қатысты іс тым шиеленісіп кетті. Жеті ай бойы жүргізілген тергеуге күдіктілердің жақындары наразы. Айтуларынша, істе бұрмалау көп. Оқиға орында болған шенді полицейдің бірі - бостандықта. Ол тек куәгер ретінде ғана жауапқа тартылса, керісінше, іске қатысы жоқ учаскелік инспекторға жала жабылып отыр-дейді туыстары. 

Өткен жылы қазан айында Қаратұма ауылының тұрғыны тергеу кезінде азаптауға шыдамай көз жұмған. Қылмысқа қатысы бар деген 5 полицей қамауға алынып, іс қозғалды. Сол кезде Мақаншы аудандық полиция бөлімінің бастығы болған Бауыржан Жапаров қазір басты күдікті ретінде қамауда. Оның анасы Зейнешхан Жапарова «оқиға болған күні балама тікелей тапсырма берген жоғары шенді басшысының бостандықта жүргені әділетсіз» –деп санайды.

Зейнешхан Жапарова,   күдіктінің анасы:
Оқиға болған күні сол РОВД-да болған. Қазір ол тек куәгер ретінде ғана танылып, сол қылмыстың ішінде болып, сол тергеуді жүргізген адам сияқты мына жерде мүлдем қосылмайды. Аты да айтылмайды.

Кеңесхан Ноғаев та учаскелік полицей болып қызмет еткен інісі Мархабат Ноғаевқа жала жабылды, дейді. Өйткені бауыры марқұм болған азаматты қылмыс болған күні тек полиция бөліміне жеткізген. Оның құзыретіне кірмейтіндіктен тергеуге де қатыспаған.

Кеңесхан Ноғаев,    күдіктінің ағасы: 
Менің бауырым «Алып кел!»- деген нұсқаумен алып келген. Оны қолдарына тапсырған. Енді келіп менің бауырыма жабады. Опер группа бар, бастық бар. Анау ауданның бастығының орынбасары бар. Өздері келіп отырып, солар қайда қарап отырған.

Істі жеті ай бойы облыстағы арнайы прокуратура қараған. Облыс прокурорының жауабына сүйенсек, тергеу заң аясында жүргізілген.

Еділ Жұбанов,  Шығыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары: 
Тергеу шеңберінде орган қылмыстық іс бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны туралы дәлелдемелер алған барлық адамдарды қылмыстық жауапқа тарту үшін шаралар қабылдады. Тергеу қисынды мерзімде жүргізілді, созбалаңға салу фактілері анықталмаған. Қылмыстық процестік Кодексінің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес, өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды.

Марқұмның анасы болса, баласының өліміне кінәлілер заңға сай тиісті жазасын алсын деп талап етіп отыр. Ұлы қайтыс болғаннан кейін, Азамат Оразаланың екінші қызы дүниеге келіпті.

Қазір тергеу толық аяқталып, іс Үржар аудандық сотына жолданған.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу