Елімізде жылжымалы егу бекеттерінің жұмысы жанданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде жылжымалы егу бекеттерінің жұмысы жанданды

04.05.2021

Елімізде жылжымалы вакцинациялау пункттарының жұмысы жанданды. Соның арқасында шалғай ауылдардың тұрғындарының екпе алу көрсеткіші артты. Жылжымалы пункттер үлкен ұжымдардарда жұрттың жұмыстан қол үзбей-ақ егілуіне де мүмкіндік береді.

Қостанай облысының Жамбыл ауылында бүгін 90 адамға коронавирусқа қарсы вакцина егілді. Екпені аудан орталығында жасақталған жылжымалы бригаданың дәрігерлері жүргізді. Бүгінде тұрғындарды вакцинациялауды облыста 93 стационарлық пункт жүзеге асырып жатыр. Мамандар қажеттілік туындаса оның санын 150 – ге дейін көбейтуге мүмкіндік бар дейді. Күні бүгінге дейін облыста 40 мыңнан астам адам індетке қарсы вакцина ектірген.

Ақтауда базарда жылжымалы егу пункті ашылды. Бұл әсіресе таңнан кешке дейін сауда жасайтын кәсіпкерлер үшін ыңғайлы. Жалпы облыста 25 мыңнан астам адам вакцина салдырды.

Олжас Шымбаев,    кәсіпкер:
Біз осы базарда жұмыс жасағаннан кейін түрлі адамдармен қарым-қатынаста боламыз. Үйде отбасымыз бар, бала-шағамы бар. 

Қарағандыда енді орталық саябақта да екпе алуға болады. Жылжымалы автобустар демалыс және мереке күндері халық көп шоғырланатын жерлерге барып, жаппай вакцина салып жатыр. Өткен үш күн ішінде облыс орталығы, Теміртау, Жезқазған және Балқаш қалаларындағы саябақтарда 300 адам вакцинаның бірінші құрамын алған. Алдағы күндері бұл 12 арнайы техника шалғай ауылдарға да барып, екпе жасамақ.

Қайыргелді Сәбитов,  Қарағанды қаласының тұрғыны:
Ерікті түрде келіп, Спутник – V вакцинасын алдым. Енді мынау халықтың 70 пайызы иннунитет қалыптастыру керек деп жатыр. Елдің амандығы – біздің де амандығымыз. Бүгін бірінші компонентін алдым.

Шығыс Қазақстан бойынша 93 мыңнан астам адам коронавирусқа қарсы екпе алып үлгерген. Солардың 35 мыңға жуығы - ауыл тұрғындары. Қазір өңірдегі аудан орталықтары мен ауылдарда егу пункттері үздіксіз жұмыс істеп тұр. Өткен аптадан бастап шалғай елді мекендерге отандық «QAZ Vaс» вакцинасы да жеткізіле бастаған.

Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу