Бахтияр Баспақов: АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 8 теңгеден 24 теңгеге дейін қымбаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бахтияр Баспақов: АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 8 теңгеден 24 теңгеге дейін қымбаттады

02.05.2021
0:00:00
0:00:00

Бензин қымбаттауына тоқталсақ. Соңы бірнеше күнде тағы 5-10 теңгеге өсті. АИ-98 Нұр-Сұлтанда қазір 220 теңгеге, Алматыда 230 теңгеге, Шымкентте 205 теңгеге жетті. Және бағасы көктем басталғалы емес, жыл бойы өсті. Нұр-Сұлтанда бір жылда 8-12 теңгеге, Шымкентте 9-12 теңгеге, Алматыда 9 теңгеге қымбаттаған. Бұл мысал АИ-92 туралы, әрине...

Мәселе қымбатшылықта ғана емес, тапшылық байқалды. Энергетика министрлігінің стандарт жауабы бар: нарықты нарық заңдары реттейді. Онсыз да лақсасы шыққан көліктері көп елімізде бензин бағасының тоқтамай қымбаттауы әлеуметтік проблемаларды тереңдетеді. «Басқаларға қарағанда бізде бензин бәрібір арзан» дейтін аргументті айтатындар біздің елдегі азаматтардың көбінің табысы туралы онша білмейтін сияқты. Азамат Алдоңғар таразылап көрді.

Сауалнамамызға жауап берген тағы бірнеше жүргізуші бір-бірінің жауабын айна қатесіз қайталайды. Респонденттеріміздің психологиялық портреті «қазақстанда құрастырылған» бюджетті көлікті жеңілдетілген несиемен алған қатардағы азаматтар. Олардың жауабы мемлекеттік органдардың позитивті статистикасына қарағанда, бензин бағасына қатысты халықтың көңіл-күйін шынайы береді.

Баға түсе ме? Бұл сұрақ көпшілігімізді мазалайды. Себебі жанармайдың қымбаттауы жіпке тізілген барлық тауарлар мен қызметтердің жаппай қымбаттауына алып келетінін болжау үшін сарапшы болудың қажеті жоқ. Мемлекеттік органдар болжам жасамайды. Тек көзге ұрып тұрған қымбаттауды процентке шағып берумен шектелді.

Бахтияр Баспақов, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің басқарма басшысы: 
Орта есеппен ел бойынша баға 11-12 процентке өсті. Ең көбі ШҚО-да 16 процент, ең азы Ақтөбе облысында – 6 процент. Ақшаға шаққанда АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 8 теңгеден 24 теңгеге дейін қымбаттады.

Осы аптадағы жағдай бойынша еліміздегі АИ-92 маркалы бензиннің ең төмен бағасы литріне 146 теңге, ал ең қымбаты 177 теңгеден сатылып жатыр. Ал кейбір бекеттерде АИ-95-ті ақшаға сатып ала алмайсың. Сапалы отын тек талонмен құйылғандықтан бекетке келушілер де сиреген. Сауда екі есеге төмендеп кетті дейді қызметкерлер.

Дияс Жұматаев, «Асқар мұнай трейд» ЖШС директорының орынбасары: 
Қазір АИ-95-ті ала алмаймыз. Баға бұрынғыдан әлдеқайда өсіп кетті. Өзімізде бар қор шамалы. Тендерлер, келісімшарттар бойынша міндеттеріміз бар. Оны орындау керек.

Ақшаға бензин таба алмаған күндер әлі есте. Мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу дәнекерлеушінің кесірінен созылып кетті деп Үкіметте есеп берген сол кездегі Энергетика министрінің жауабы да есте. Бұл жолы жауапты министрліктің өкілі «тапшылық болмайды» деп мәлімдеді.

Талғат Құрманбаев, ҚР ЭМ мұнай өнеркәсібін дамыту департаменті директорының орынбасары:
28-ші сәуірдегі жағдайға қарағанда елімізде АИ-92 бензинінің қоры 277 мың тоннаны құрайды. Бұл жыл басымен салыстырғанда 76 мың тоннаға артық. Бұл еліміздің 24 күндік қажеттілігін қамтамасыз етеді. АИ-95 бензинінің қоры 33 мың тонна. Бұл еліміздің 18 күндік қажеттілігін жабады.

Тапшылық болмаса, мұнай өңдеу зауыттары толық қуатында жұмыс істеп тұрса, бұл жолы бензин қымбаттауының қандай себептері бар? Ең әуелі мұнай өнімдері саудасына акциздің екі еседен артық қымбаттағанын айтқан жөн. Ұлттық экономика министрлігі бұл қадамды баға диспропорциясы мен тапшылыққа жол бермеу үшін деп түсіндіреді.

Қазақстан нарығында ашық мұнай өнімдеріне баға диспропорциясына және олардың тапшылығының туындауына жол бермеу мақсатында 2020 жылы бензинді көтерме саудада өткізуде акциз мөлшерлемесін 1 тоннаға 10 500 теңгеден 24 435 тенгеге дейін ұлғайтылды. (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 6 сәуірдегі № 173 қаулысы)

Ал мұнай саласының сарапшысы Олжас Байділдинов нарықтағы қазіргі жағдайды қарапайым мысалмен түсіндіреді.

Олжас Байділдинов, мұнай-газ саласының сарапшысы:
Шикі мұнайдың бір литрінің құны қазір нарықта шамамен 170 теңгеге тең. Ал бізде дайын өнім - бензиннің бағасы сондай. Бұның сыртында жол шығындары, өңдеу, өндіріс шығындары бар ғой? Түсінікті мысалмен түсіндірсем - бір келі қаймақтың бағасы бір литр сүттің бағасымен бірдей болғандай. Олай болуы мүмкін емес.

Экономикалық процесстерді өз атымен атасақ біздің жағдайымызда бензин қымбаттады дегеннен гөрі, салық көбейді, теңге құнсызданды деген дұрыс болар. Өйткені бір литр бензиннің құнын долларға шаққандағы көрсеткіш 2004 жылдың деңгейінде тұр дейді сарапшы.

Мақсат Халық, экономист:
Осыдан бір жыл бұрын Ұлттық банктің сайтындағы мәліметтерге қарасақ, ақша массасының көлемі 21 трлн теңгеден асатын қаражат болатын. Қазір қарасаңыз 26 трлн теңгеден асып отыр. Демек бір жылдың ішінде 5 трлн теңге басып шығарылған былай қарасаңыз. Сонда ол нені көрсетеді? Ақша массасы артып отыр, ал елімізде завод, фабрикалардың қосымша тауар өндірісі көбейіп жатқан жоқ. Оның барлығы түптеп келгенде бағалардың көтерілуіне алып соқтырады.

Онсыз да тапшылық көріп отырған бюджеттің есебінен ішкі мұнай нарығын шексіз субсидиялай беру суицид жасаумен тең әрекет. Бұған дейін әлемдік нарықтағы бағасы барреліне 60 доллар, өзіндік құны 40 доллар болғанда субсидияның күшімен отандық зауыттарға шикізатты 20-30 долларға сатып келген өндірушілердің мемлекеттен алып отырған қаржылық қолдауы тоқтатылды. Оның үстіне арзан өнім шекарада шет мемлекеттерге кете бастады. Бұл қымбаттатудың негізгі себебі болмаса да «тұтынушы, сіздердің қамдарыңыз ғой, тапшылық болса, тіпті жаман емес пе?!» деп, жақсы атты болуға жарайтын себеп.

Талғат Құрманбаев, ҚР ЭМ мұнай өнеркәсібін дамыту департаменті директорының орынбасары:
Тауарлардың бағасы, оның ішінде мұнай өнімдерінің бағасы көрші елдердегі бағадан алшақ бола алмайды. Өйткені бізде төмен болса біздегі мұнай өнімдері көрші елдерге кетеді.

Қазақстанда бензин арзан дейтін мемлекеттік органдар мынадай есепке сүйенеді. Орташа жалақы 230 мың теңге деген ресми статистиканы негізге алып, оған мың литр бензин алуға болады деп Қазақстанды 106 мемлекеттің арасынан 35-ші орыннан тауып «тәубе» дейді. Бұған дейін балабақша қызметкерлерінің табысы туралы материал жасағанда елордада 55 мың теңге деген еңбекақы барын естіп күрсінгенбіз.

Мақсат Халық, экономист:
Мемлекет халықтың табысын арттыру мәселесін алға тарттыру керек. Жаңағыдай орташа деп көрсеткеннен гөрі, халықтың нақты табысы дейді қолына алып отырған. Және өткен жылмен салыстырғанда ол өсіп отыр ма? Өйткені өткен жылмен салыстырғанда азық-түлік 11 пайызға қымбаттады, ал қолындағы жалақысы қаншаға өсті? Біз байқаймыз, әрі кетсе 4-5 пайызға өседі.
Азамат Алдоңғар, тілші:
Сонымен бензин енді арзандай ма? Жоқ. Бұрынғы баға қайтып келеді деп арманда өмір сүрудің қажеті жоқ. Ол аз болса Еуразиялық экономикалық одақ пен Дүниежүзілік сауда ұйымдарының әлемдік бәсекелі баға ұстап отыру керек деген шарттары бар. Халықаралық интеграцияға кірдің екен, ендеше талапқа бағын дейді олар. 2025 жылдың қаңтарынан экономикалық одақ шеңберінде ортақ энергетикалық нарық жұмысын бастайды. Демек біздегі баға одақтастардың бағасына қарай тартылуы тиіс. Еске салсақ көрші Ресейде АИ- 92 маркалы бензиннің литрі 250 теңге тұрады. Оларда орташа айлық 51 мың рубльден асады. 306 мың теңге.

Азамат Алдоңғар


Хабарламаларға жазылу