Елімізде асыранды балаларды кері қайтару үрдіске айналып барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде асыранды балаларды кері қайтару үрдіске айналып барады

29.04.2021

Елімізде асыранды балаларды кері қайтару белең алып барады. Бүгінде отбасылар асырап алған жеткіншектердің 20 пайыздайы жетімдер үйіне қайтып келген. Бас тартудың басты себебі – үлкендер көбіне бұл қадамға дайындықсыз барады. Мамандар мұның салдары отбасылардан бөлек, бүкіл қоғам үшін де қауіпті деп отыр.

Кәмила ананың ыстық құшағын 10 жыл аңсады. Бұған дейін балалар үйінде тәрбиеленді. Былтыр оны Мейрамгүл бауырына басты. Содан бері өмірлері күрт өзгеріп, екі жарты бір бүтін болды. Бірі анаға, бірі перзентке зар еді. Бірақ, қуанышпен бірге машақаты да қатар жүрді. Арада жыл өтсе де тіл табысу оңайға соқпай тұр.

Мейрамгүл Күлбаева, Тараз қаласының тұрғыны:
Алғашқы 3 айда бәрі жақсы болды. Ол балалар алдамшы көрсетеді, жағуға тырысады, ұнауға тырысады. Содан кейін  мәселелердің бәрі біртіндеп шыға бастады. Мәселе ұрлықтан басталды. Ондайды көрмеген адам. Баланың жан дүниесін түсінуіміз керек. 

Мәселе де осында. Сәбиге зәру отбасылар бала асырап алуға эмоциялық тұрғыда ғана дайын. Ал психологиялық жағынан мүлдем бейхабар. Салдарынан, тентектің тәртібіне төзбей жәутең көздерді кері өткізіп жатқандар көп. Елорданың өзінде 3 жылда 20 бала қамқорлыққа алынса, соның 9-ынан отбасы қайта бас тартқан. Бұл бірінші кезекте балаға ауыр соққы.

Алтынай Әубәкірова, Қиын өмір жағдайындағы балаларды қолдау орталығының педагогы:
Бізде бір қыз бала келді. Мінез-құлқын көрсетіп жатыр. Жақсы қыз. Бірақ жаман жағынан көрсетіп жатыр.  Сабағы да нашарлап кетті. Ол өзін-өзі қорғайды. Ол қатыгез болып туған жоқ. Өзіміз жасадық. 

Онсыз да жүрегі жаралы жеткіншектердің қайта-қайта тастанды болмауы үшін оларды асырап алатындарға қойылатын талап жыл сайын күшейіп жатыр. Бірақ, нәтиже аз.

Ләззат Жұматаева, Ұлттық бала асырап алу агенттігінің басшысы:
Былтырдан бері бала асырап алуға ниеттілердің әрқайсысы арнайы мектептен өтуге міндетті. 5 жылда 3000 адам курстан өтті. Оның 1000-ы балаларды қамқорлыққа алды. Демек, қалған 2 мыңы оқудан кейін ойланып қалды. Біздің күткеніміз де осы. Ата-аналар бұл қадамға саналы түрде әбден сеніммен баруы керек.

Кәмилаға да анасы кәміл сенеді. Қамқорлығын да, махаббатын да аямайды. Алайда, мұндай батылдық көптің қолынан келмейді. Сондықтан әуелі асырап, кейін кері тапсыру азаймай тұр...

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу