Ақмола облысында коронавирус жұқтырғандар 45 пайызға көбейген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында коронавирус жұқтырғандар 45 пайызға көбейген

28.04.2021

Ақмола облысында коронавирус жұқтырғандар саны сәуірде өткен аймен салыстырғанда 45 пайызға артқан. Ал алдыңғы аптаға қарағанда науқастар саны 1,4 есеге көбейді. Әсіресе, Бурабай ауданы мен Көкшетау қаласындағы жағдай күрделі. Мектеп оқушылары арасында да вирус жұқтырғандар азаймай тұр. Тәулігіне 20-30 баладан індет анықталуда. Облыс бойынша 7 мектеп карантинге жабылып, қашықтан оқуға ауысты. Өңір үш апта бойы қызыл аймақта, дегенмен қарантин талаптарын бұзу тыйылар емес.

Айнагүл Мусина, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:
Науқастар санының көбеюіне карантин талаптарын сақтамау себеп. Бетпердені дұрыс тақпайды немесе мұлдем қолданбайды. Күн жылынғасын, байланыста болатын адамдар да көбейіп жатыр. Сондай-ақ, көпшілік іс-шараларды өткізу де тыйылмай тұр. Осы айда карантин талаптарын бұзу бойынша 54 дерек тіркеліп, 5 миллион теңге айыппұл салынды.

Ал Жамбыл облысында 30-ыншы сәуірден бастап шектеу шаралары күшейтіледі. Қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы сағат 20-00-ге дейін қысқарады. Мекеме қызметкерлерінің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшеді. Ал демалыс күндері ірі сауда орындары мен ойын-сауық орталықтары жабық.

Ермек Елберген


ақмола облысы коронавирус жамбыл облысы ковид

Хабарламаларға жазылу