Ерасыл Тәуекел: Ғылым мен техника саласында берілмеу – өте маңызды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ерасыл Тәуекел: Ғылым мен техника саласында берілмеу – өте маңызды

02.05.2021
0:00:00
0:00:00

Қазіргі пандемия кезінде «Білім сапасы төмендеп кетті, балалар смартфонға телмірген үстіне телміріп, одан сайын «жабысып» барады» деген пікір жиі айтылып жүр. Жаны бар сөз. Дегенмен керісінше, білім алуға құштарлығы артқан, айналысып жүргенінен бөлек, басқа да үйірмелерге барып, үйренгенін көбейткен балалар бар. Бұл әрине, бірінші кезекте ата-ана тәлімінен. Ондай ата-аналар басқа «планетада» өмір сүрмейді. Бізбен бірге осы жерде тіршілік қылады. Ал жұрттың бәрі күңіреніп жүргенде, мақсатынынан айнымайтындарды тасты жарып шығатын өсімдіктерге ұқсатып тасжарғандар деп сипаттауға болар. Ақерке Бектас жалғастырады.

Сезім Ертаңатов, оқушы:
Әрине, жылына 55 000 адам тапсырғаннан кейін күдік те болады. Себебі әлемнің ең мықты оқушылары жарысқа түседі. Бірақ мен өз еңбегім мен күшіме сендім.

Сезім Ертаңатов – әлемнің таңдаулы университеті Гарвардтың грантын жеңіп алған қазақ баласы. Биыл Талдықорғандағы зияткерлік мектепті бітіреді. Ойы ұшқыр, талпынысы ерек. Үш жыл үздіксіз ізденіс, дайындықтың арқасында арманы ақиқатқа айналған.

 Сезім Ертаңатов, оқушы:
Америкалық университеттерге білім жағынан ғана емес, рухани тұрғыдан дамыған оқушылар керек. Мақсатым – ақпараттық технологиялар саласында қызмет ету. Менің ойымша, елімізде дамуға потенциал бар. Сол потенциалды іске асыруда жастардың маңызы өте жоғары.

Сезім тапқырлығын тек математикада сынап жүрген жоқ. Талапты оқушы карантинде web-сайт жасаудың жаңа әдісін игерген. Деректі фильм түсіретін шағын клуб ашты. Білімге көңілі шын мейірленген жас бос уақытында балалар үйіне барып, ағылшын тілін тегін үйретіп жүр.

Сезім Ертаңатов, оқушы:
Үлгі тұтар Әлихан Бөкейхановты айтушы едім. Ол кісі бар ғұмырын еліне арнаған. Сол кісінің жолын жалғастырғым келеді. Жалпы сол шетелден алған білімімді Қазақстанға қайтып, қолданғым келеді. Әсіресе пандемия кезінде көптеген мәселе айқын болды. Ауылдық жерде балалар сапалы білімге қол жеткізе алмай отыр. Сол мәселені шешуге кішкене болса да үлесімді қосқым келеді.

Ал зымыранды ұшыруға арналған мына қондырғы үлгісін 16 жастағы Ерасыл Тәуекел ойлап тапқан. Жас өнертапқыш Американың NASA ғарыш агенттігінен шақырту алып, іс-тәжірибеден өтті. Әйгілі ғарышкерлер Билл Макартур, Сунита Уильямстің дәрісін тыңдап, жаңа жобасын да таныстырған.

Ерасыл Тәуекел, оқушы:
40 елден 50 талантты оқушыларды іріктеп, сол бағдарламаны өткізеді. Екі аптаның ішінде Лиден Джонсон атындағы ғарыштық орталық мамандарынан лекция алдық. NASA специалистерімен, NASA деген үлкен администрациямен жұмыс істеу – үлкен тәжірибе.  Менің жылымда тәжірибе өкінішке қарай онлайн болды. Бірақ биыл егер эпидемиологиялық жағдай жақсы болса, біз тәжірибені оффлайн өтеміз.
Оралбек Бидайбеков, Ерасылдың ұстазы, физика зертханасының меңгерушісі:
Мына біз зымырандарды қолмен ұшырып жүрміз, осыны қалай ғылыми тәсілмен ұшыруға болады? Программалау арқылы бола ма,- деп едім. Ол қуанышын жасыра алмады. «Ағай мен осыны ойлап жүр едім, автоматтандыруды қолдансақ» деді.  Өзінің еңбекқорлығы, талабы мен талпынысының арқасында ол осы жұмысты атқарды.

Ерасылдың мақсаты беймәлім кеңістікке жол ашып, ғарышқа сапар шегу. Жас ғалым «Байқоңырдың» игілігін өзге емес, өзіміз көрсек деп армандайды.

Ерасыл Тәуекел, оқушы:
 Талантты оқушылар көптеген елден келгендіктен бізде өз мәдениетімізді, салт-дәстүрлерді көрсету керек болды. Мен домбырада ойнадым, ұлттық тағамдарды көрсеттім. Күйді NASA специалистері және қатысушылар өте жоғары бағалады.
Аймырза Жаманқұлов, Мейірханның әкесі:
Қазіргі заман – аласапыран заман. Интернеттегі көп дүниенің - ненің дұрыс, бұрыс екенін балалар біле бермейді. Карантинде телефон мен теледидарға телміреді.  «Темірді қызған кезінде соқ» дегендей, дәл осы кезде оқыту керек, осы кезде уақытын жоғалтып алмау керек деген байламға келдік.

Балаларының болашағы үшін Ақтөбедегі қара шаңырақты тастап, Алматыға қоныс аударған кейіпкеріміз – Аймырза Жаманқұлов. Ол үшін тіршіліктің шамы – ілім мен өнерге талпыныс. Үлкен ұлы Мейірхан бірнеше аспапты шебер меңгерсе, қаршадай ғана қызы қабырғадағы сан түрлі суреттің авторы.

Аймырза Жаманқұлов, Мейірханның әкесі:
Біздің Алматыға ең басты көшіп келу себебіміз - балаларымыздың болашағы. Болашақта кез келген ата-ана өз баласына небір байлық, небір мұра қалдырамын, небір үлкен қызметке «тығып» кетсем деген ойдан аулақ болу керек. Оның бәрі тұрақсыз, ешбір негізсіз. Ең басты нәрсе әр баланың бойына кәсіп үйретуге, бір өнерді игеруге тырысу. Музыкант болып кету міндет емес. Бірақ өнер адамды қашанда жоғары жетелейді.
Мейірхан Тілектесов, оқушы:
Негізі жақсы музыкант болу үшін көп еңбек ету керек. Айтады ғой «жігітке жеті өнер де аз» деп. Сондықтан сол сөзге қарап, өзіме көп өнер алып солармен шұғылданамын.

Мейірхан Батырхан Шүкенов атындағы қор стипендиясының иегері. Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық мектептің үздік оқушысы. 15 жастағы бесаспап карантинде би билеуді және шаш қиюды үйреніп үлгерген. Қазір әкесі мен бауырының шашын өзі қияды.

Мейірхан Тілектесов, оқушы:
Карантинде көп өнермен айналыстым. Мысалы биге бара бастадым.  Шаш қиып үйренуге келсек, жақындарымның шашын алуға қызығушылық болды. Сосын сол шаруашылықпен айналысып көрдім.
Баян Ахатай, балабақша директоры: 
Әрине, пандемия жағдайында қандай бір түйір, бір тамшы, бір қылшық мүмкіндік бар біз соны ұстап отыруға ұмтылдық.  Адамның қарны ашқан кезде физиологиялық сыр береді. Ал рухани аштық сыр бермейді. Біз оны өзіміз танып біліп, өзіміз ізденуіміз керек. Балалар да дәл солай. Біз оларды үнемі бағыттап отыруымыз керек.
 Тұрар Саттарқызы, «Қара шаңырақ» жобасының жетекшісі:
Қазақ халқы бала үшін өмір сүретін халықпыз ғой. Ұрпақ үшін. Біз ұрпағымызды жалғаймыз дейміз. Ұлы ұстаздарымыздың өзі айтып кетті: ата-ана деген баланың ең бірінші ұстазы деп. Бәрі ақшаға келіп тіреліп тұрған жоқ.  Ертең балаларымыздың алдында жауаптымыз.
Ақерке Бектас, тілші:
Баланың жақсы қылығына сүйсініп, «Талабың таудай болсын!» деп өсірген ата-ана сол таудай талаптың артында өлшеусіз пен еңбек пен күш жататынын түсінеді. Бірақ бәрі бірдей емес. «Білсем, көрсем, үйренсем екен» деген жан құмарлығы алдымен адамның өзінде болмаса, баланың санасына сәуле, көңіліне сенім ұялауы қиын. Өйткені бақшада қараусыз қалған ағаш шілдеде сая болмайды.
Сезім Ертаңатов, оқушы:
 Ең бастысы – жақсы адам болу. Басқаларға шын жүректен көмектесе алатын, ешкімнің ала жібін аттамайтын, адал, өз ісіне адал жауапкершілігі болу керек. Қоғамды өзгертуге атсалысатын, қоғамның негізгі күші бола алатын белсенді азамат болу керек.
 Ерасыл Тәуекел, оқушы:
 Менің ойымша ең маңыздысы ол – ешқашан берілмеу. Өйткені ғылым мен техника саласында берілмеу – өте маңызды.  Әрбір салада да ешқашан берілмеу керек. Бұл – менің өмірімдегі ең маңызды сабақ.

Ақерке Бектас, Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу