Президент әл-Фараби атындағы Ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық лауреаттарын марапаттады

14.12.2015
Президент әл-Фараби атындағы Ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық лауреаттарын марапаттады
Президент әл-Фараби атындағы Ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық лауреаттарын марапаттады
Рәсім барысында Мемлекет басшысы лауреаттарды іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер саласындағы зор табыстары үшін, түбегейлі жаңа өнімдер мен технологиялар жасап, оларды экономикалық және әлеуметтік тиімділікті қамтамасыз ететін түрлі салаларға енгізу бағытындағы ғылыми-технологиялық және инновациялық қызметтерінің мойындалған нәтижелері үшін марапаттады.
Қатысушыларға арналған сөзінде Қазақстан Президенті елімізде индустриялық-инновациялық дамуға айрықша көңіл бөлініп отырғанын, оған отандық ғалымдардың зор үлес қосып жатқанын атап өтті.

«Олардың еңбегінің мойындалуының белгісі әл-Фараби атындағы Ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық болып саналады. Қызметтің бұл түрі қазіргі уақытта аса маңызды болып отыр. Ғылым мен техника ойлау көкжиегін ұлғайтып, адам мүмкіндіктерін кеңейтеді. Сондықтан бізде озық экономиканың негізін қалайтын жаңа әзірленімдердің жүзеге асырылуы өте маңызды. Назарбаев Университеті мен Алматыдағы «Алатау» инновациялық технологиялар паркінде ашылған орталықтар даму және ел ғылымын коммерцияландыру, стартаптарды жүзеге асыру, үздік зертханаларды әкеліп орналастыру орнына айналуда. Ғылымға жастар ұмтылған кезде мүмкіндіктер мен еңбекақы да жақсара түскеніне қуандым. Осының бәрі жақсы көрсеткіш, ғылымдағы жаңа ілгерілеудің бастауы болып саналады», – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев биыл ғылым мен техника саласындағы сыйлықтар алты ғылыми-зерттеу ұжымына және бір авторлық зерттеу жұмысына берілгеніне назар аударды.

«Біз плазма физикасы саласындағы іргелі зерттеулерді көріп отырмыз. Ғарыштық ғылым мен экономика саласында үлкен жұмыстар атқарылды. Түсті металлургияда инновациялық өнеркәсіптік әзірленімдер жүзеге асырылды. Бекіре шаруашылығының инфрақұрылымын қалыптастыру ісі мойындалды. Буындарды эндопротездейтін озық медициналық технологияларды әзірлеудің баға жетпес маңызы бар. Қазақстанның көмірсутек әлеуетін ғылыми негіздеумен байланысты жұмыс та экономиканың дамуына өз үлесін қосты», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы әрбір жетістік қажырлы еңбек, талмайтын ізденіс және зерттеушілік талантпен байланысып жатқанын айтты.
«Отандық ғалымдардың шетелдік ғылыми журналдардағы жарияланымдары айтарлықтай көбеюі елдің ғылымына зор көңіл, тың серпін беріліп отырғанын байқатады. Бұл жас ғалымдарға үлгі болып, қай бағытта жұмыс істеу қажеттігі жөнінде бағдар береді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекеттік сыйлықпен марапатталған лауреаттар Қазақстан Президентіне ғылыми қызметті жүзеге асыруға жан-жақты жағдай жасалғаны үшін алғыс айтып, отандық ғылымды одан әрі дамытуға қолдарынан келгенше үлес қосуға әзір екендерін атап өтті.

Хабарламаларға жазылу