Әскери ғалым Ким Серікбаев өмірден өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әскери ғалым Ким Серікбаев өмірден өтті

19.04.2021

Бүгін қазақ елі екі аяулы перзентінен айырылды. Бірі - әскери қайраткер, полковник, әскери ғылым докторы Ким Серікбаев. Ол 87 жасында дүниеден озды. Сондай-ақ, танымал актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Ғазиза Әбдінәбиева өмірден өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өнер қайраткерінің қазасына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.

«Ғазиза Мәкешқызы әрбір қазақстандықтың жадында жарқылдап, жадырап жүретін бейнесімен қалды. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», - делінген жеделхатта.

Бұл сұңғыла сардардың соңғы сұхбаты. 2 ай бұрын жазылған. Жасы 90-ға таясада тың қалпынан танған емес. Бар ғұмырын әскери салаға арнаған Ким Серікбаев бүгін ақтық сапарға аттанды. Ол – Қазақстан Қарулы Күштерінің ардақты ардагері, еңбек сіңірген қоғам қайраткері, профессор, әскери ғылымдар докторы. Бірінші әскери доктринаның авторы. Ұзын-саны 180 ғылыми еңбек жазған.

Ким Серікбаев Ақтөбенің тумасы. Өмірі де, қызметі де әскери саламен өрілген. Қиыр Шығыстан бастап, Мәскеу, Орта Азияда түрлі әскери шенде қызмет еткен. Куба мен Моңғолияның офицерлеріне жалпы тактикадан сабақ берген. Б.Момышұлы атындағы республикалық әскери мектеп-интернаттың бастығы, кейін Мемлекеттік қорғаныс комитеті төрағасының кеңесшісі, Президент Аппараты, Парламентте қорғаныс және қауіпсіздік мәселелер жөніндегі кеңесші қызметтерін атқарған. Қазақ сарбаздарының жадында Ким Серікбаев нағыз сардар ретінде сақталары сөзсіз.

Сондай-ақ қазақ театр және кино өнері де орны толмас қазаға ұшырады. Қалың көрерменнің көңіл төрінен орын алған белгілі актриса Ғазиза Әбдінәбиева 73 жасында дүниеден озды.

Өнер саңлағы Қызылорда облысы Сырдария ауданында дүниеге келген. Қазақ Ұлттық консерваториясының «Актерлік шеберлік» факультетін тәмамдаған. Еңбек жолы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында басталды. Осы өнер ордасында ширек ғасыр тер төкті. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында бүгінге дейін қызмет атқарды.

Жалғас Толғанбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
Қазақ өнеріне, қазақ театрына, жалпы қазақ киносына қосқан үлесі ұшан теңіз. Жаны жайсаң, өте адал, қарапайым, бойы тұнған жақсылық жақсы кісі еді.  Ағайын, туысқандарына, жалпы қазақ еліне қайғырып көңіл айтамын.

Талантты актриса «Тоғысқан тағдырлар» телехикаясында Розаның, «Шегіртке» кинокартинасында Маргоның ролін сомдап, көрермен көзайымына айналды. Одан бөлек 20-ға жуық фильмде түрлі образдарды сомдады. Үнемі күліп жүретін жадыраған жүзі халық жадынан мәңгі сақталады.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу