Мұнайлы ауданында ауыз су тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мұнайлы ауданында ауыз су тапшы

16.04.2021

Ақтауға іргелес орналасқан Мұнайлы ауданында ауыз су тапшы. Тұрғындар тіршілік нәрін сатып алу үшін таң сәріден кезекке тұрады. Алайда, ауылға бөлінген су ұзын-сонар кезектің басындағыларға ғана жетеді. Осылай бір аптадан бері су ала алмай жүргендер бар. Ал, жергілікті әкімдік болса үнемдеп беруден басқа амал жоқ деп отыр.

Қызылтөбе аулының тұрғыны Шынарай Айтымбетова 5 күннен бері су ала алмай жүр. Бүгін 114-ші болып кезекке тұрды. Бірақ үйіне олжалы қайта ма жоқ па, белгісіз.

Шынарай Айтымбетова,  Қызылтөбе ауылының тұрғыны: 
Кеше сағат 2-3 жарымға дейін болды су. Одан кейін халыққа жетпей қалды.

Қызылтөбе аулының өзінде 31 мың тұрғын бар. Оларға күніне небәрі 600 текше метр су беріледі. Бұл 5-6 тонналық көлікпен тасығанда 150-дей үйге ғана жетеді. Жалпы аудан бойынша ауыз су - ең өзекті мәселе. 175 мыңға жуық тұрғын мен кәсіпкерлік нысандарды қамту үшін тәулігіне 35 мың текше метр тіршілік нәрі қажет. Бірақ, қазір бүкіл ауданға бар-жоғы 7 мың текше метр су беріліп отыр.

Бисенғали Кенжалиев,  Мұнайлы аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы: 
Ауданды сумен қамтамасыз ететін мекеме Каспий су тұщыту заводы қазір қуаттылығын арттыру бойынша мекеме өздері іштен шарасын қабылдап жатыр. Егер осы жоспарлар сәтті аяқталатын болса биылғы жаз маусымына беретін суды 17 мың кубқа дейін көтереміз деген жоспарлар бар. 

Бұдан бөлек, мамыр айында Басқұдық және Атамекен ауылдарында қосымша су құю бекеттері іске қосылуы тиіс. Ал оған дейін тұрғындарға кезек күтуден басқа амал жоқ.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу