Шекараның беріктігі – тұрақты дамудың кепілі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шекараның беріктігі – тұрақты дамудың кепілі

08.04.2021

Тәуелсіздіктің елең-алаңында көршіліс елдермен шекараны шегендеп алу аса маңызды болды. Ғасырлар тоғысында бұл бағыттағы ауқымды жұмыстар халықаралық талаптарға сай шешілді. Жауапты қызмет құрылды. Өткен жылы Президент пәрменімен салада реформа жүргізілді. Қазір элиталы әскер саналатын шекара қызметі жаңа белестерді еңсеруге бет алды.

Ауқымды реформаны жүргізуде Қытай, Израиль және Еуроодақ елдерінің тәжірибелері ескерілді. Осылайша былтырдан бастап еліміз шекара күзетудің жаңа үлгісіне көшті. Алдымен мемлекетіміздің 4 аймағындағы басқармалар қысқартылып, әр облыста шекара қызметінің департаменттері құрылды.

Ерік Беріков, ҰҚК шекара қызметі департамент басшысының бірінші орынбасары:
Сонымен бірге шекара қызметі ҰҚК толық интергацияланып, еліміздің шекарасын әскери күзетумен қатар, жедел әскери күзету тәсіліне ауысты. 

Қазір саланы цифрландыруға басымдық беріліп отыр. Мамандар шекараны ұшқышсыз басқарылатын апараттармен бақылауды қолға алды. Таулы аймақтарға тәулік бойы жұмыс істейтін бейне құрылғылар орнатылды. Құзіреті кеңейген қызметке жүктелген жүк ауыр. Жауапкершілікті сезінген шекарашылар міндетті абыроймен орындап келеді. 

Мәселен, пандемия кезінде қырағы жауынгерлер елден 7 млн бетперде, 20 мыңнан астам респиратордың заңсыз тасымалына тосқауыл болды. 58 мыңнан асатын қорғаныш киім мен 4 млн медициналық қолғап тәркіледі. 68 мың қорап дәрі-дәрмекті заңсыз әкетудің жолын кесті.

Бұл шекара қызметінің тек пандемия кезіндегі жұмысы. Кейінгі 3 жылда Қызылорда, Түркістан, Ақтөбе және Атырау өңіріндегі шекара аумақтарында 16 модулдік кешен салынды. Алдағы 4 жылда 100-ге жуық шекара бөлімшесі мен бақылау пункттерін салу жоспарда бар.

Назым Мұздыбаев, ҰҚК шекара қызметінің ардагері:
Қазір мемлекеттік шекара қызметі заман көшімен ілгері қадам басып келеді. Жаңа технологияның қолданыс аясын кеңейтуге басымдық беріліп отыр. Бұл, әрине, үлкен табыс. Ал тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы теңдессіз жетістігіміз, ол – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің арқасында шекарамыздың шегенделуі.

Ел шебін ерекше күзетпесе, елден тыныштық кетеді. Бұл ретте 5 мемлекетпен шектесетін Қазақстан достық пен татулықтың озық үлгісін көрсетіп отыр.14 мың шақырымға жуықтайтын шекарада антқа берік, рухы асқақ жігіттеріміз тұр. Демек, тәуелсіздік жылдардан қалыптасқан қырағы қызметтің болашағы жарқын, келешегі кемел болмақ.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу