Алдағы 20 жылда елімізде су тапшылығы сезілуі мүмкін - Файзолла Каменов - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алдағы 20 жылда елімізде су тапшылығы сезілуі мүмкін - Файзолла Каменов

07.04.2021

Алдағы 20 жылда елімізде су тапшылығы сезілуі мүмкін. Мәжілісі депутаты Файзолла Каменов осылай деп, Үкіметке сауал жолдады. Оған шекаралас елдермен ортақ салынатын су бөгеттері себеп. Мәселен, Ресей Жайық су бөгетін салуды жоспарлап отыр. Ал Ертіс пен Іле өзендерінің бойына Қытай ондаған су қоймасын салды. Бұл үрдіс тоқтамаса Балқаш Арал теңізінң тағдырын қайталауы мүмкін. Осы салаға жауапты министрлік мамандарының пікірі қандай, келесі сюжеттен көріңіз.

Қазақстанның негізгі су артериясы саналатын Ертіс пен Іле өзендері Қытайдан ағып келеді. Мамандар Қытаймен арадағы су мәселесі Ресей және Қырғызстанмен салыстырғанда әлде қайда күрделі дейді. Мәселен, Қытай Іле өзенінің бойына 15 су қоймасын және 59 суэлектр құрылғысын орнатып, жыл сайын Іледен 15 кубкилометр су алып отыр. Экологтардың болжамынша, егер Бейжің Іле суын пайдалануды тағы 10 пайызға көбейтсе, онда Балхаш екіге бөлініп, Арал теңізінің тағдырын қайталауы мүмкін-дейді, депутат.

Файзолла Каменов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Солтүстіктегі көршілеріміздің бастамасы, Батыс Қазақстанның экологиялық қауіпсіздігіне кері әсерін тигізбей ме? Қазақстанның су қауіпсіздігі мәселесі қалай шешілуде? Қазақстан үшін су қауіпсіздігі, судың тапшылығы алдағы 10-20 жылда алдыңғы қатарға шығатыны анық. Оны шешу үшін қандай да бір әрекеттер жасалып жатыр ма, жоқ әлде болашақтың еншісіне қалдырды ма ол жағы белгісіз. Құрметті Асқар Ұзақбайұлы жоғарыда баяндалғанның негізінде, Сізден осы депутаттық сауалды қарап, Үкіметтің осы проблемаларға қатысты ұстанымын көрсетсеңіз.

Нұр-Сұлтан, Өскемен, Семей, Павлодар, Қарағанды, Балхаш қаласында тұратын млн-даған отандасымыз суды осы Іле мен Ертістен ішеді. Ол аздай Ресей Жайық өзенінде су бөгетін салуды жоспарлап отыр. Онсыз да 12 су бөгеті салынған өзеннің суы азаяа түспек. Ал, Балхашқа экологиялық апат төніп тұр ма деген сауалға министрлік мамандары келесі жауапты айтты.

Серік Қожаниязов, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі:
 2001-2020 жж аралығындағы зерттеуге қарасақ Балхаш өзеніне жыл сайын 13,6 кубкилометр су келіп тұр. Демек, орсы тұрғанда Балхаш көліне қатты проблема болады деген негіз жоқ.

Қытай осы күнге дейін трансшекаралық су объектілері бар 18 елдің ешқайсысымен су бөлу жөнінде бірде-бір халықаралық шарт жасасқан жоқ. 2013 Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында Қазақстан мен Қытай басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтардың нәтижесінде, 2015 жылдан бастап трансшекаралық өзендер суын бөлу туралы келісім жобасын әзірлеу мен келісуді бастау туралы шешім қабылданды. Келісімді әзірлеу жұмыстары пандемияға қарамастан қазірде жалғасып жатыр.

Ғабит Бөкенбай


Хабарламаларға жазылу