Атом электр станциясын салу үшін 6 елдің технологиясы зерттеліп жатыр (толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атом электр станциясын салу үшін 6 елдің технологиясы зерттеліп жатыр (толығырақ)

23.02.2022

Атом электр станциясын салу үшін 6 халықаралық компанияның технологиясы зерттеліп жатыр. Ол Америка, америка-жапониялық, Корея, Қытай, Ресей және Франция тәжірибесі. Құрылысқа кететін шығын таңдалған компания мен техникалық ерекшелігіне байланысты болмақ.

6 мердігер компанияның қайсысы таңдалатыны, құрылыстың қашан басталатыны әзірге белгісіз. Белгілісі құрылыс Балқаш пен Курчатовтың бірінде бой көтеруі мүмкін. Ал маман тапшылығы мәселе болмауы тиіс. Өйткені қазірдің өзінде 24 мың қызметкер атом өнеркәсібінің қыр-сырын меңгерген. Тағы 3 мыңнан аса кадр даярланған. Құнына келер болсақ, осыған дейін салынған 1000-1200 МВТ станцияға шамамен 5 млрд доллар жұмсалған деседі.

Жасұлан Қасенов, ҚР Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің директоры:

Біздің елімізде атом энергетикасын дамытуға барлық мүмкіндіктеріміз бар. Біз өндірілетін табиғи уран көлемі бойынша әлемде бірінші орын аламыз. Бізде ядролық отын компоненттерінің өндірісі бар. Сондай-ақ, біздің елде уранды изотоптық байыту технологиясы бар деуге болады.

Елде 214 электр станциясы бар. Олардың салынғанына 30 жылдан асты. Көбі ескірген. 70 пайызы көмір арқылы энергия өндіреді. Қазір халықаралық қаржы ұйымдары көмір электр станцияларын қаржыландырудан бас тартып жатыр. Осындай бірнеше фактордың салдарынан алдағы 10 жылда елде энергия тапшылығы қатты сезілуі мүмкін.

Айдос Дәрібаев, ҚР ЭМ Электр энергетикасын дамыту департаментінің директоры:

Қазір 114 млрд кВт сағат энергия шығарады. Соның өзінде жетпейді. Болжам бойынша 2035 жылы 152 млрд өндіру керекпіз. Біз ескіні қанша жамасақ станциялар жаңармайды. 70 пайызы көмір арқылы электр энергиясын өндіреді. Бізге жаңа энергия керек. Жаңа атом электр станциялары керек.

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, 31 ел атом электр станциясын пайдаланып келеді. Әрқайсысы 25 ГВ-тан астам қуаттылығы бар станциялар АҚШ, Франция, Қытай, Жапония, Ресей, және Оңтүстік Кореяда орналасқан. Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Беларусь сияқты елдер өз тарихында бірінші рет атом станциясын салғызды. Бұрын бас тартқан Польша қазір атом энергетикалық бағдарламасын әзірлеу үстінде.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу