Үштөбе қаласының 50-ге жуық көшесі қар ерігелі батпаққа батқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үштөбе қаласының 50-ге жуық көшесі қар ерігелі батпаққа батқан

06.04.2021

Алматы облысындағы Үштөбе қаласының 50-ге жуық көшесі қар ерігелі батпаққа батып қалды. Себебі шаһарға ауыз су құбырын тартқан мердігерлер былтыр жұмысын толық аяқтап үлгермеген. Көктемгі жаңбырдан кейін аяқ алып жүре алмай тұрғындар да әбігерге түсті. Қаратал ауданының орталығындағы жағдайды өңірдегі тілшіміз Қуаныш Қанатұлы өз көзімен көріп қайтты.

Бұл Үштөбедегі Төле би көшесінің тұрғындары. Көлік тұрмақ, өз аяғымызбен жүруден қалдық дейді. Көше осыдан төрт жыл бұрын бастан-аяқ жөнделі тиіс болған. Мердігер шаруаны жарты жолда қалдырып, қазір атқарушы билік олармен соттасып жатыр. Ал халық зардабын тартып келеді.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Қазір кішкене күн жылынып, батпақ кеуіп, жағдай түзелген сияқты. Бірақ жаңбыр жауса халықтың есі шығады. Тіпті мына көлік жүргізушілері мен тұрған шұңқырға бірнеше рет түсіп кеткен.
Әбдіқадір Қанағатов, Үштөбе қаласының тұрғыны:
Мен өзім таксист болып істеймін. Өткенде мына жерге бір-екі рет түсіп кеткем көктемде. Бұл көше өзі ең жақсы көше болған.

Қалада тағы 48 көшенің сиқы осы. Ол жерге былтыр ауыз су жүйесі тартылған. Мердігерлер құбырларды әбден жүргізіп біткенде қыс түсіп асфальт төсеп үлгермей қалған. Жоспар бойынша сәуір айының екінші жартысында қолға алу керек, дейді әкімдіктегілер.

Ермек Әпеков, Қаратал ауданы әкімінің орынбасары: 
18 көшесіне сметалық құжат дайындап, қиыршық тас төгу жұмыстарын жасап кеттік. Ол көшелердің бәрі жақсы болды. Бірақ барлық 48 көшені құм-тас тастауға бюджетіміз көтере алмайтын болды. Оның үстіне үлгере алмайтын да болдық. Сол себепті биыл қайтадан сол жұмыстарды жандандырып жатырмыз.

 Ауыз су құбыры тартылған көшелердің мәселесі шешімін тапқан сияқты. Ал Төле би көшесінің тұрғындарына сот шешімі шыққанша біраз төзім керек.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу