Оралдықтар қар суынан зардап шегуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралдықтар қар суынан зардап шегуде

19.03.2014
Оралдықтар қар суынан зардап шегуде

Еріген қар суы Орал қаласындағы 6-шы емхананы көл ортасындағы арал сияқты оқшаулап тастады. Тілерсектен су кешіп, балшыққа батқан тұрғындардың көпшілігі кешеден бері медициналық мекемеге жете алмай әбігерге түсуде.

 
Жол дұрыс  салынбағандықтан, жұрттың телегей теңізге айналған қар суын кешіп өтуі мүмкін болмай отыр. Коммуналдық мекемелер мен төтенше жағдайлар қызметі жағдайды түзей алар емес.
 
Үш ай бұрын іске қосылған емхана жаңа шағын ауданда орналасқан. Бұл жаққа жол салынбағандықтан, алғашқы жылымықтың өзі жағдайды қиындатып жіберді. Жылғалардан аққан су төңіректі түгел басып, қара жер ми батпаққа айналды.
 
Дәметкен Бәйенова, Орал қаласының тұрғыны:
Емханаға жете алмай жүрмін. Таңертең 8-де қабылдауға баруым керек еді.
 
Тіпті «Нива» сияқты жол талғамайтын көліктің өзі батпаққа шаншылып, су ортасында тұрып қалған. Әупірімдеп өзі шыққан жүргізуші, енді көлігін алып шығудың амалын іздеп дал.
 
Абзал Сариев, Орал қаласының тұрғыны:
Жолды жөндеу керек. Цемент төсеу қажет. Әйтпесе, лайда бұлай езілу мүмкін емес.
 
«Басы ауырып, балтыры сыздаған» жан емханаға белуардан балшық кешіп баруына тура келеді. Басқа амал жоқ. Көпшілігі емханаға сыртынан ғана көз сүзіп, жақындай алмай кері кетіп жатыр. Осыған байланысты емхана басшылығы дәрігерлерді бұрынғы амбулаторияларға қайта көшіруде.
 
Мұрат Түсеев, емхана директоры:
Тұрғындардың жайын жақсы түсініп тұрмын. Әсіресе, балалармен жүрген ата-аналар үшін тіпті ауыр. Күні кеше ашылып едік, көктем келгенде күніміз дәл осылай болады деп кім ойлаған?! Тұрғындарға қолайлы болу үшін бұрынғы орында қызмет көрсетуге тура келейін деп тұр.
 
Оралда әлі күнге қар толық еріп, тоң түсе қойған жоқ. Ал, көктем күшіне енгенде жағдай не болмақшы? Оған ешкім нақты жауап бере алмай отыр. 
 
Рауан ДИӘЛИ

Хабарламаларға жазылу