Аида Балаева Түркияның жастар және спорт министрімен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аида Балаева Түркияның жастар және спорт министрімен кездесті

06.04.2021

Қазақстан мен Түркияның жастары арасында әлеуметтік, білім-ғылым және спорт саласында қарым-қатынас артуы тиіс. Жастардың сан-салада тығыз байланыста болуы екі ел үшін де маңызды. Анкарада кездескен еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі мен Түркия Жастар және спорт министрі осы бағыттағы жұмыстарды пысықтады. Бүгінге дейін баса мән берілмеген бұл байланыстарды жандандыру үшін тараптар бірқатар жобаларды талқылап, нақты қадамдар жасауға уағдаласты. 

Мехмет Касапоғлу, Түркияның жастар және спорт министрі:
Бауырлас қазақ елімен жастарды дамытуға қатысты бірлесе жұмыс істеу біз үшін өте маңызды. Екі ел жастарының болашаққа нық қадам басуы үшін біз түрлі жастар орталықтары арқылы бірнеше маңызды жобаны қолға алмақпыз. Жастардың потенциалын дұрыс пайдалансақ, олар алдағы уақытта елімізге үлкен пайда беретініне сенімдімін.   

Қазақстаннан Түркияға діни білім алуға баратын жастар да көп. Олардың сапалы, дұрыс бағыттағы білім игеруі үшін екі елдің діни саладағы ынтымағы да нық болуы тиіс. Түркия дін істері басқармасының басшысы Әли Топбашпен кездескен министр Аида Балаева дін саласындағы білікті мамандарды даярлау мен тәжірибе алмасудың маңыздылығына тоқталып, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін айтты.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу