ШҚО-да дәрігерлер ынталандыру үстемақысын толық ала алмай отырмыз деп шағымданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да дәрігерлер ынталандыру үстемақысын толық ала алмай отырмыз деп шағымданды

05.04.2021

Шығыс Қазақстандағы дәрігерлер ынталандыру үстемақысын толық ала алмай отырмыз деп шағымдануда. Өтемақысын даулаған жедел жәрдем қызметкерлері ақыры адвокат жалдауға мәжбүр болған. Олардың құқығын қорғауға келіскен заңгердің айтуынша, қазір үстемақы бойынша жалпы қарыз сомасы 70 миллиард теңге шамасында. Ал аймақтағы денсаулық сақтау басқармасының басшысы бұл сөзді жоққа шығарып, ешкімге берешек емеспіз деп мәлімдеді.

Пандемия басталғалы жұмысы күрт көбейген жедел жәрдем қызметі дәрігерлерінің бірі-Дархан Есжанов. Алайда, кеселді жұқтыру қауіптілігі жоғары топта жұмыс істесе де, тиісті үстемақыны толық алмаған.

Дархан Есжанов, жедел жәрдем қызметінің дәрігері: 
Бізге ай сайын 425 мың теңге төлеу керек. Өткен жылдағы наурыздан бастап маусым айына дейін мүлде алған жоқпын. Содан кейін осы 425 мың теңгенің 10-20 процентін ғана аламыз.

Үстемақыдан қағылдық деген 300-ден астам адам бірлесіп автокат қызметіне жүгінген. Семей мен Риддер қаласындағы дәрігерлер де осы заңгерден көмек сұраған. Адвокаттың айтуынша, ынталандыру үстемақысы бойынша қарыз мөлшері өте ауқымды.

Елена Сухова, адвокат: 
Шамалап есептегеннің өзінде, 70 миллиард теңгеге жуық шығып тұр. Оның өзінде біз тек Шығыс Қазақстандағы жедел жәрдем станциясының қызметкерлері бойынша есепті алдық.

Медицина қызметкерлерінің өңірдегі кәсіподақ өкілі де дәрігерлерге тиесілі үстемеақы дұрыс төленбей жатыр деген пікірде. Бірақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы мұның бәрін жоққа шығарды.

Ермек Омарбеков, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: 
Шығыс Қазақстан облысында ешқандай 70 миллиард теңге қарыз жоқ деп ресми түрде айтамын. Өңірдегі емдеу мекемелеріне ынталандыру үстемақысы еліміздегі Үкіметтің қаулысы мен Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес төленуде.

Ендігі бұл мәселеге қатысты аймақта арнайы құрылған комиссия жұмыс істеп жатыр.

 Берік Көшербай, тілші: 
Індетпен күреске жұмылдырылған Шығыстағы медицина қызметкерлері арасында төлемақыға қатысты бұған дейін түсінбеушілік болған. Өткен жылы Өскемендегі жедел жәрдем қызметкерлері демеу қаржыны барлығына бірдей төлеуді талап етті. Ал биыл Катон-Қарағай ауданындағы дәрігерлер жұмыста жүріп коронавирус жұқтырдық, бірақ бізге өтемеақы төленбеді деп шағымданды. Бәрінде билік өкілдері өз уәжін айтып, әр қызметкердің мәселесін жеке-жеке қараймыз деп уәде берген болатын. Бүгінгі кездесу де тура сол сценариймен аяқталды.

 Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу