Алматыда екі күнде 17 мыңға жуық адам КВИ-ге қарсы екпе салдырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда екі күнде 17 мыңға жуық адам КВИ-ге қарсы екпе салдырды

05.04.2021

Алматыда екі күнде 17 мыңға жуық адам коронавирусқа қарсы екпе салдырды. Аурухана-емханалардан бөлек, сауда ойын-сауық орталығы мен Республика сарайында вакцинация жүргізілді. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, осыған дейін төрт траншпен 50 000 доза екпе жеткзілген. Алдағы 2-3 күнде вакцинаның жаңа партиясы келеді деп жоспарланып отыр. 

Жазира Оразқызы, тілші:
Соңғы тәулікте 611 тұрғыннан инфекция табылған. Оның 519-ы симптомды. Дәрігерлер 67 пациенттің жағдайын өте ауыр, ал 640 адамдікін ауыр деп отыр. Кеше бір күнде 6 700-ге жуық адам екпе алған. Жаңа партия жеткізілгенге дейін вакцина шектеулі мөлшерде салынады. Дегенмен Денсаулық сақтау басқармасындағылар алматылықтарды алаңдамауға шақырып, осы айда вакцина жеткілікті болатынын, яғни, ай сайын 250 мың доза вакцина бөлінетінін айтып отыр. Қазір қалада 56 екпе кабинеті жұмыс істеп тұр. Тағы 250 пункт ашылады деп жоспарланған. Дәрігерлер дер кезінде екпе алуға кеңес беріп отыр. 

Ақмира Садықова, №29 қалалық емхананың бас дәрігері:
Екпе жасау - ең бірінші халықты қорғайтын, індетті тоқтататын әдіс. Қазір аурушаңдық Қазақстанда көбейгеніне байланысты барлық қалалық емханалар ешқандай демалыссыз екпе жұмысын жүргізіп жатыр. 

Жазира Оразқызы, тілші:
Алматы COVID-19 жұқтырған науқастар бойынша бірінші орынға шығып, қала «қызыл» аймақта тұрғанымен, бас санитардың соңғы қаулысына сәйкес карантин жеңілдеді. Демалыста күшіне енген құжат бойынша, бүгіннен бастап сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, қоғамдық тамақтану орындары ашық. Тек демалыс күндері жұмыс істемейді. Сондай-ақ жабық базарларға, фитнес, спа орталықтар, монша және жеке білім беру орталықтарына рұқсат берілді. 

коронавирус вакцина Алматы

Хабарламаларға жазылу