Атырау облысындағы эпидахуал әлі де тұрақсыз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысындағы эпидахуал әлі де тұрақсыз

02.04.2021

«Қызыл» аймақтағы Атырау өңірінде жағдай әлі де тұрақсыз. Вирустың таралуы бәсеңдер емес. Соңғы 1 аптада 600-ге жуық тұрғын індетке шалдықты. «COVID-19 - салғырттықты кешірмейді». Бұл – алғы шепте қызмет атқарып жүрген жас маман Айбат Ерболатовтың пікірі. Меншікті тілшіміз Жандос Темірғали кеселге шалдығып, өлім аузынан қалған тұрғын мен індетпен күресте қайтыс болған дәрігердің жақындарымен тілдесті. 

Қауіпті аймақта 400-ден астам адам қызмет етіп жүр. Олар вируспен арпалысқан 500-ге жуық науқасты құлан таза айықтыру үшін барын салуда. Індет бой бермеген тұста маман тапшылығы тығыраққа тірегені рас. Қысыл-таяң шақта оқуды жаңа бітірген 55 жас бірден жұмысқа алынды. Солардың бірі Айбат Ерболатов та бар. 

Айбат Ерболатов, Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігері: 
Жұмысқа кірер кірместен бірден бір науқасты реанимацияға апарғам. Өзімнің атамдай әжемдей адамдарды, сол состояниеде келген адамдарға көмектесе алмай қолымнан кетіп қаған жағдайлар болды. Жас маман, ондайды көрмеген стресте жүрдім екі апта. 

Ковидпен күресте 1073 медицина қызметкері вирусқа шалдықты. 14-і қатерлі індеттен көз жұмды. 26 жылын медицинаға арнаған Алмагүл Демесінова өмірінің соңғы күндері жедел бригадада жұмыс істеді. Талай адамды өлімнен құтқарған жанкештілігі үшін 3 дәрежелі «Барыс» орденімен мараптталды. Абзал жанның артында екі баласы қалды.

Тұрлан Еламанов, А.Демесінованың күйеуі:
Жұмыс, жұмыс деп жүрді ғой. Шыны керек, жұмысқа арнады бүкіл өмірін. 

Атырау – ауру көрсеткішін анықтайтын матрица іске қосылғалы 1 айдан астам уақыт «Қызыл» аймақт». Вирусқа шалдыққан 19 мыңға жуық тұрғынның 95 пайызы жазылды. 128-і жан тапсырды. Қазір 13 науқастың жағдайы ауыр. Өлімнен қалғандардың бірі - журналист Нұрым Ерғалиев. Ол 21 күн бойы індеттің азабын тартқан. 

Нұрым Ерғалиев, Республикалық «Сарайшық» журналының әдеби редакторы:
Бұл ауру адамның бәрін бір тарының қауызына сыйғызды. Пендешілікті қойып, өмірдің, бір жұтым ауаның қадірін түсіндірді. 

Індет салғырттық танытқанды сүріндірді. Сол үшін өңір эпидемиологтары сақтық шараларын босаңсытпауды ескертеді. Қазір облыста вакциналаудың екінші кезеңі қарқынды жүріп жатыр. Соңғы 2 аптаның ішінде 3500-ге жуық адам екпе алып үлгерді. 

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу