Өңірлерде эпидемиологиялық ахуал әлі де тұрақсыз

25.05.2020

Батыс Қазақстан облысында 4 емхана карантинге жабылды. Ал Жамбыл облысында 1 күнде 33 адам індет құрығына ілікті. Сондықтан бірқатар аймақта карантин мерзімі ұзартылды.  

Талдықорғанда төрт айлық нәресте коронавирус індетін жұқтырды. Жалпы соңғы он күнде облыс орталығында науқастар саны күрт өсіп, 51-ге жетті. Сондықтан қалада карантин талаптары күшейтілуі мүмкін. Ал Алматы облысы бойынша 288 адам індетке шалдыққан.

Шымкент қаласында карантин мерзімі 8-маусымға дейін ұзарды. Ал БҚО-да карантиндік режим маусымның 15-не дейін ұзартылды. Демалыс күндері тағы 44 адам тіркелді. Вирус 7 ауданға тарап үлгерді.

Жамбыл облысында эпидемиологиялық ахуалға байланысты, халыққа қызмет көрсету орталықтарының ашылуы кейінге шегерілді. Қазір аймақта - 292 адамнан қауіпті індет анықталған. Бүгінгі күннің өзінде - 33 адам тіркелді.

Ал Маңғыстау өңірінде карантин талаптары жеңілдетіліп, кейбір блок бекеттер алынды. Алайда, науқастар көп тіркелген ауылдарға әлі де қатынау мүмкін емес.

Аягөз ОРАЛБАЙ


Хабарламаларға жазылу