Франция президенті елде үшінші рет карантин жариялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Франция президенті елде үшінші рет карантин жариялады

01.04.2021

Еуропада вакцинация қарқыны тым баяу жүріп жатыр. Осылай деп хабарлаған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны жылдамдатуға шақырды. Қарт құрлықта халықтың 10 пайызы ғана екпе алған. Басқа елдерде де жағдай мәз емес. Ал дерт болса жер-жерде дендеп барады. Толығырақ Жансая Қапасқызы.

Франция президенті елде үшінші рет карантин жариялады. Бұған дейін ол экономикаға кері әсер етеді деп карантинді күшейтуден бас тартқан. Енді мектептер үш аптаға жабылып, кешкі 7-ден коменданттық сағат енгізіледі. Өткен күні елде «ковид» 60 мың адамнан анықталған.

Эммануэль Макрон, Франция Президенті:
Қазір шешім қабылдамасақ, вирусты бақылау мүмкін болмайды. Жаңа штамдардың кесірінен инфекция жылдам таралуда. Тұрғындар үшін бұл ауыр жағдай, түсінемін. Бірақ бірлесе әрекет етсек қана, індетті жеңеміз.

Ал Украинада қатарынан екі антирекорд жаңарды. Соңғы тәулікте инфекцияны 17 500-ден артық адам жұқтырса, індеттен 421 адам қайтыс болды. Құрбандар саны екінші күн жоғары көрсеткішке жетіп отыр.

Оңтүстік Корея болса, бүгіннен бастап «вакцина паспортын» енгізді. Енді екпе алғаны туралы ақпаратты ұялы қосымшадан көрсетіп, еркін саяхаттауға болады. Алайда халықтың бір бөлігі жаңа жүйеге қарсы.

Чон Се Гюн, Оңтүстік Корея Премьер-Министрі:
Электронды құжат блокчейн технологиясы бойынша жасалған. Яғни жеке деректер құпия сақталады. Алаңдауға негіз жоқ. Сертификат ең алдымен қалыпты өмірге оралу үшін қажет.

Өзбекстанда да карантин шаралары күшейтіліп жатыр. Себебі наурыздан бері дертке шалдыққандар саны күрт артқан. Сондықтан той-томалаққа, жерлеу рәсімдеріне жүз адамнан артық жиналуға тыйым салынып, концерт, театрлардағы көрермен саны 50 пайыздан аспауы тиіс.

Жансая Қапасқызы.

Хабарламаларға жазылу