Елтаңба авторы Шот-Аман Уәлиханов дүниеден өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елтаңба авторы Шот-Аман Уәлиханов дүниеден өтті

31.03.2021

Бүгін елтаңба авторларының бірі – Шот-Аман Уәлиханов 89 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Ол танымал сәулетші, қоғам қайраткері және көптеген ғылыми-танымдық еңбектің авторы. Шот-Аман Ыдырысұлы еліміздің бас символы - мемлекеттік елтаңбаны жасап, мемлекет тарихының жылнамасына өшпес із қалдырды.

Сонау 1992 жылы жаңа мемлекеттік символиканы жасау туралы байқау жарияланды. Тәуелсіз республиканың елтаңбасы таңдалатын бәйгеге 245 сурет үлгісі қабылданады. Солардың арасынан үздік деп Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың жұмысы таңдап алынды.

Шот-Аман Уәлиханов, ҚР құрметті сәулетшісі:
Алтын адамның бас киімінде мүйізді, қанатты тұлпардың басы берілген. Менің ойымды біреу ұрлап алмаса екен деген қауіп болды. Бірақ ондай жағдайдан аман-есен өтіп, Президент өз қолымен елтаңбаның авторы деген биік мәртебелі куәлік берді. 

Шот-Аман Ыдырысұлы - Алматыдағы Тәуелсіздік монументінің де авторы. Ақын, ғалым әрі қоғам қайраткері ұлт тарихындағы ұлы тұлғалардың ескерткішін жасап, сәулеті көз тартар ғимараттардың бой көтеруіне сүбелі үлес қосты.

Жұмақын Қайранбаев, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі:
Осындай кісілердің арқасында ел көркейеді, басқа елдер таниды. Шота ағаның істеген жұмыстарын жинайтын болсақ,көп нәрсе жасады. Археологиямен айналысты. Суретті жақсы салды. Архитектурада салған үйлері көп.

Замандастары Шота Уәлихановты сегіз қырлы, бір сырлы, жан-жақты тұлға болғандығын айтады. Ол ғылымның дамуына көп еңбек сіңірді. 2014 жылы 2 томдық шығармалар жинағы шықты. Ойы зерек, тілі жатық бұл кітап тағылым мен өнегеге тұнып тұр. Сонымен қатар, «Шоқанның анты», «Ақнұр» атты драмалары республикалық театрларда сахналанды.

Асанәлі Әшімов, ҚР Халық артисі:
Халыққа еткен еңбегі адал әр уақытта. Елгезек, білімді, жан-жақты білімді адам еді. Шотамен әңгімелесу, сырласу, өте бір бақыт болатын. Жанұясына жалпы қазақ халқына көңіл айтамын.

Сөзге шешен, ойға жүйрік Шота Ыдырысұлының сәулет өнерінде ерекше ізі қалды. Еліне өлшеусіз үлес қосқан азаматтың жарқын бейнесі, ерен еңбегі қалың қазақтың жүрегінде мәңгі сақталады.


Хабарламаларға жазылу