Бүгін мемлекеттік ту авторы Шәкен Ниязбековтың туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін мемлекеттік ту авторы Шәкен Ниязбековтың туған күні

12.10.2018

1992 жылы тәуелсіз қазақ елінің мемлекеттік жаңа рәміздерін дайындау бойынша жұмыс тобы мен арнайы шығармашылық комиссия құрылған еді. Елтаңба, Ту, Әнұран жобаларын жасауға байқау жарияланған. Мемлекеттік ту эскиздеріне 1200 ұсыныс келіп түскен. Солардың арасынан Шәкен Ниязбековтың туындысы ерекше көзге түсіп, Жоғары кеңесте талқыланды. Күн жарқын болашақтың, ал күннен тараған әр шапағат шуақ пен берекенің белгісі. Дала қыраны кеңдік пен азаттықтың, биік мақсатқа ұмтылудың символы.

Осылайша ҚР Мемлекеттік рәміздері Елтаңба, Ту, Әнұран 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды.

Шәкен Оңалсынұлы 1933 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Шала туған нәрестенің ата-анасы «баламыз адам бола ма, болмай ма» деп 5 жасқа келгенше туу туралы куәлігін алмаған. Анасы еркел етіп Шәкен атап кеткен балаға тек 1938 жылы қазан айында құжат жазылған. 10 жасында ата-анасынан айырылып, жетім қалған ол Тараздағы мектеп интернатта тәрбиеленген. Орта мектептен соң Ленинградтағы көркем өнер училищесінде ағаш шебері мамандығына оқуға түседі. Студент кезінде ол Эрмитаж, Исаак соборы және Петр сарайы сынды тарихи ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстарына қатысты.

Суретшінің «Құрманғазы», «Көбік шашқан», «Исатай Тайманов», «Абай», «Шоқан Уәлиханов», «Мұхтар Әуезов», «Сырым Датұлы», «Жамбыл», «Қазақстаннан келген солдат», «Ана» атты шығармалары - бейнелеу өнерінің баға жетпес байлығы.

Шәкен Оңалсынұлы шығармашылық жолында көптеген байқаудан топ жарған тұлға. 1961 жылы Глобус теледидарының дизайны үшін Чехословакияда алтын төсбелгімен марапатталған, Волга автокөлігінің дизайнын жасаушылардың бірі де қазақ суретшісі Шәкен Ниязбеков. Қылқалам шебері 1964 жылы Ленинградта өткен «Бейбітшілікті қолдаймыз» атты плакатар байқауында, 1982 жылы республика алаңын көркем безендіруден өткен конкурста бірінші орынға ие болды.

Қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының зиратындағы ескерткіш пен Алматы қаласы елтаңбасының авторы да Шәкен Ниязбеков.

Қылқалам шебері 2014 жылы дүниеден өтті.

 

Толық нұсқа

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу