Ұлан ауылының тұрғындары жайылымға зар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлан ауылының тұрғындары жайылымға зар

31.03.2021

Мал жаятын жайылым жерімізді қайтарсын. Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Ұлан ауылының тұрғындары осылай деп шағымданды. 3 мыңдай түтіні бар елді мекеннің жан бағатын кәсібі - төрт түлік. Алайда ауылдың жалғыз жайылым жері 5 жыл бұрын сатылып кеткен. Шарасыз күйге түскен ұландықтар Ұлттық арнадан көмек сұрады. 

Бұрын мал жайылып, бала-шаға доп қуған мына алқап қазір түгел сатылып кеткен. Жайылым жерінен айырылғалы бері тұтас ауыл тұрғындарының тынысы тарылғандай. Жаны қысылған шаруалар қорасындағы азын-аулақ тұяғын енді қайда жаямыз деп алаңдаулы.
 Төлеухан Әділханов, Ұлан ауылының тұрғыны: 
 5 жылдан бері өсіп, ойнап жүрген сайымыз бір адамға сатылып кетіпті. 100 пәленбай гектар сатылған жалғыз адамға.  Ауылда 100 бастай сиыр бар, 200 бастай қой бар. Осы сайда жайылады.
Ауыл халқының айтуынша, онсыз да жылдан-жылға жердің құнары азайып барады. Шүйгін шөбі де шықпайтын болған. Осының өзін қанағат тұтқан ұландықтар өрістен айырылсақ, күнкөріссіз қаламыз ба деп қынжылады.
Нұрбала Ағыбаева, Ұлан ауылының тұрғыны: 
 Әр үйде 3 малдан ұстап отыр. Менде 3 мал бар. Балаларым сонымен жан бағып отыр.
Шолпан Макина, Ұлан ауылының тұрғыны: 
 Бұл ауылдың іші. Балалардың ойнауына берілуі керек.  Сайды өзіміз жинап жүреміз. Бізге ауылымыздың жерін берсін деп отырмыз.
Осы талапты айтып ауыл тұрғындары 5 жылдан бері күресіп келеді. Әзірге нәтиже болмай отыр. Ал Жамбыл ауылдық округінің әкімдігі қолымыздан келер қайран жоқ дейді.
Тұрарбек Ташев, Жамбыл ауылдық округының әкімі: 
Жеке меншіктегі жер. 24 га жер. Тілеубаев Бақытқожа есімді азаматтың жері.  Құзырлы органдардың бәріне жазылды. Жақын арада комиссия құрылып, осы мәселенің шешілу жолдарын қарастырмақшымыз.
5 жылдан бері бос уәдеден шаршаған ұландықтар әкімдікке сенбейді. Қазір жайылымның әр жері қазылып, жасанды көлдер пайда болыпты. Соның біріне өткен аптада 8 жастағы оқушы батып кетіп, көз жұмған. Жер жекенің қолында қалса, осындай оқыс оқиғалар жиілей ме дейді ауыл халқы. Сондықтан мәселе шешілмесе, тұрғындар Президентке ашық хат жолдауға бел буып отыр.

Жазира Оразқызы

Хабарламаларға жазылу