Елімізде электр қуаты 15%-ға қымбаттайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде электр қуаты 15%-ға қымбаттайды

30.03.2021

1 сәуірден бастап елімізде электр қуатының бағасы 15 процентке қымбаттайды. Бұл туралы бүгін Энергетика вице-министрі айтты. Қайрат Рахымовтың сөзінше, тарифтің көтерілуіне электр стансаларындағы шығындардың артуы ықпал етіп отыр. Ескірген компаниялар бастан-аяқ модернизацияны талап етеді.

Қарағандыдағы қос бірдей жылу энергия орталығына күрделі жөндеу қажет. Энергетиктердің айтуынша №1 ЖЭО салынғанына 60 жылдан асқан. Ал №3 орталық 40 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Соңғы 6 жылда кәсіпорындардың күрделі жөндеу жұмыстарына қаражат жинау мүмкін болмаған.

Игорь Ким, «Қарағанды энергоорталық» ЖШС техникалық директоры:
Егер бізде тиімді тариф бекітіліп, қаражат қоры болса біраз жаңғырту жобаларын жүзеге асырушы едік. Мысалы №3 ЖЭО-ның қыста қаланы қажетті жылумен қамтамассыз етуге қуаты жетпеді. Ақау дер кезінде жөнделмеді. Оған ақша жоқ.

 Елдегі қуат өндіретін компаниялардың барлығындағы жағдай осы. Желі тозған, жабдықтар ескірген. Салдарынан, былтыр бұл секторда 4 жарым мыңға жуық технологиялық апат болды. Жыл санап көрсеткіш ұлғаюда.

Қайрат Рахымов, ҚР Энергетика вице-министрі:
Қазақстанның энергия көздерінің көп бөлігі өткен ғасырдың 60-70 жылдарында іске қосылған. 2020 жылдың соңында Қазақстандағы энергетикалық активтердің тозуы 53% құрайды. Тиісінше, генерация секторындағы негізгі шығындар оларды жұмыс күйінде ұстауға бағытталды.

 Энергетика секторы толық модернизацияны талап етеді. Стансалардың жұмыс қуаттылығымен қоса, жұмысшылардың жалақысын да арттыру аса маңызды. Айлықтың мардымсыздығынан, соңғы 4 жылда энергетика саласынан 3 мың маман кеткен.

Оразбек Бекбасов, қазақстандық энергетиктер кәсіподағының төрағасы:
Соңғы мәлімет бойынша, елдегі орташа еңбекақы көлемі 233 136 теңге, энергетикатердің айлығы одан 7пайыз төмен. Еңбекақының төмендігінен кадрлар жалақысы жоғары басқа салаларға, тіпті көрші мемлекеттерге де кетіп жатыр.

Энергия өндіруге қажет шикізат бағасы мен оны тасымалдау шығыны да артқан. Бюджетке төленетін міндетті төлемдер тағы бар. Осы себептерден электр энергиясын өндірудің тарифтері түзетіліп отыр. Әйтпеген жағдайда, тұтынушы мүлдем жарықсыз қалуы ықтимал.

Армангүл Тоқтамұрат

Хабарламаларға жазылу