Қазақстанда вирустың тағы бір қауіпті түрі анықталды. Алматыда тіркелген «британиялық» және «оңтүстікафрикалық» штамдар тез таралады. Әрі салдары өте ауыр деп отыр мамандар.
Алматы үрей құшағында. Бір жағынан вирус өршіп барады, екінші жағынан бұрын-соңды болмаған жаңа 2 штам анықталды. Бұлар былтырдан бері күресіп жүрген вирус түрінен де қауіптірек. Әрі контагиозы жоғары. Яғни, инфекция өте жұқпалы. Қазіргі таралуы 70%-дан жоғары. Бір аптаның ішінде 7 елге жеткен.
Әсел Тоқанқызы, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
Халық арасында тез таралуы қауіп төндіріп отыр. Яғни, бұл вирус өте сезімтал. Сондықтан, қазіргіден де сақтықты күшейту керек.
Симтомдары ұқсағанмен, британиялық штамда жөтел, дене қызуы, дәм иіс сезбеуден бөлек, шаршау басым. Вирустың осы түрін жұқтырғандар міндетті түрде ауруханаға жатқызылады. Өйткені, ауру ауыр өтеді. Тіпті, өлім-жітім де көбеюі мүмкін.
Манар Асырқызы, ҚР ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының филиал директорының міндетін атқарушы:
Қазақстанның басқа өңірлерінде де қауіп-қатер үлкен болып тұр. Ол тез жұғады. Яғни, ауру кішкене ауыр түрде өтеді.
Мегаполистегі эпидахуалдың нашарлауына осы жаңа штамдардың таралуы себеп. Қала әкімі жағдай күрделі деп отыр.
Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:
Бір тәулікте Covid-19 жұқтырғандардың саны 500-ден асты. Олардың 417-сінде симптомды белгілер бар. Бұрын індетті жұқтырғандардың арасында симптомсыз белгі көп болса, қазір жағдай басқаша.
Вирустың бұл жаңа түрлері елдің басқа өңірлерінде де кездесуі әбден мүмкін. Бұдан бөлек, еуразиялық штамнан да қауіп көп. Ғалымдар қазір оның елде бар-жоғын зерттеп жатыр. Ал вирус өршіп тұрған Алматыда карантиндік шектеулер сәуірдің 12-іне дейін ұзарды.
Асима Нұрбайқызы, Жазира Оразқызы