Ақмола облысында шаруа қожалықтары жайылымсыз қалуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында шаруа қожалықтары жайылымсыз қалуы мүмкін

25.03.2021

Ақмола облысында аудандық жер қатынастары шаруаларға жерді заңсыз берген. Соның кесірінен енді Астрахан ауданындағы бірнеше қожалық жайылымсыз қалуы мүмкін. Жер алған соң, шаруашылықты кеңейтеміз деп несиеге төрт түлік пен техникаға сатып алып қойған шаруалар енді қып-қызыл шығынға бататын болдық деп алаңдаулы. Мән-жайды Ермек Елберген білді.

Мал шаруашылығымен айналысатын Авхад Ақаев 2018 жылы аудандық әкімдікке жүгініп, 300 гектар жайылымдық, 50 гектар шабындық жерді жалға алған. Алайда, үш жылдан соң ғана, жер беру кезінде заң талаптарының бұзылғаны анықталыпты. Енді жүздеген бас мал бағып отырған шаруашылықтан жайылымды мемлекет меншігіне қайтару талап етілуде.

Авхад Ақаев, кәсіпкер:
Жайылым болмаса, шаруашылық жабылады. Малдарды жыл бойы қорада ұстайтын мүмкіндігім жоқ. Мен керісінше кеңеюді жоспарлап жүрсем, жерді қайтарып алмақ. Аукционсыз берілген дейді, оған мен кінәлі емеспін ғой. Ал шығынға бататын мен болайын деп тұрмын. Техника алдым, несиелерім бар.

«Еңбек» бағдарламасының қатысушысы Галина Квапиштың де жағдайы осындай. Ол 128 гектар жайылымынан айырылып қалмақ. Мәселе шешілмесе, малдың бәрін союдан басқа амал жоқ, - дейді шаруа .

Галина Квапиш, кәсіпкер:
Көктемнен бастап қараша айына дейін мал жайылымда болады. Жайылым кәсібімнің негізі. Біз күніне 1 тонна сүт тапсырамыз. Малдың басын біртіндеп көбейтіп жатырмыз. Енді соның барлығын тоқтату керек пе? Мен жердің аукционмен берілу керектігін мүлдем білген жоқпын. Қателік болса, сол уақытта анықтамады ма?

Жер телімдерін Астрахан аудандық әкімдігі бөлген. Бос жатқан жайылымды игеру мақсатында және кәсіпкерлікке қолдау көрсету үшін олар жерді бәз саудаға шығармай-ақ таратып берген. Ал, заң бойынша жайылым алқаптары конкурс арқылы берілуі тиіс.

Нұрлан Мұхамеджанов, Астрахан аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы:
Мал шаруашылығын дамытуды инвестициялық жоба ретінде қарастырып, жайылымдық жерлерді аукционсыз бердік. Прокуратура кез келген жер телімі аукцион арқылы беру керектігін алға тартып отыр. Қателік кеткенін мойындаймыз.

Облыс бойынша аукционсыз берілген 100-ге жуық ауыл шаруашылық бағытындағы жер телімі анықталды. Игерілмегендері қайтарылды. Ал жұмыс істеп тұрған шаруашылықтар бойынша әлі нақты шешім жоқ.

Рүстем Төкенов, Облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшысының орынбасары:
Заңбұзушылық нормаларымен берілген жерлер, бірақ та олар кәсіпкерлердің қолданысында. Сондықтан бұл мәселе біздің назарымызда. Бұл жерлер түгел алынып қояды деп айтуға болмайды. Бір механизм бүгінгі күні бар. Облыстық прокуратурамен талқыланып жатыр. Бір шеші шығарылады деп ойлаймын.

Бұл мәселе бірнеше рет талқыланды. Жергілікті атқарушы билік кәсіпкерлерге қолдау білдіреміз деп отыр. Аукционсыз берілген жерлерді қайтарып алу әзірге уақытша тоқтатылды.

Ермек Елберген


Хабарламаларға жазылу