Спорт саласындағы жетістік қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Спорт саласындағы жетістік қандай?

18.03.2021

Елімізде бұқаралық спортты ауылдық жерлерде дамыту үшін арнайы мамандар пайда болмақ. Спорт нұсқаушылары деп аталатын олар халықты жаппай дене шынықтыруға баулиды. Өйткені спорт - ел дамуының ең маңызды көрсеткіші. Жалпы Қазақстан тәуелсіздік алғалы, спорт саласында қандай нәтижеге жетті? Толағай табыстар мен алдағы жоспарлар жайында тілшіміз тарқатсын.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда спорт қарқынды дамыды. Жекелеген спортшылар федерацияларға бірігіп, түрлі турнирлерге қатысты. Сөзсіз, спорттағы ең биік шың - Олимпиада. Төрт жылда бір өтетін додаға тәуелсіз ел ретінде 1994 жылы қатыстық. Норвегияда өткен XVII қысқы ойындарда Владимир Смирнов ел атынан алтын алған тұңғыш спортшы атанды. Ал 1996 жылы Атлантада ел құрамасы 11 медаль алып, Василий Жиров, Болат Жұмаділов, Анатолий Храпатый, Болат Ниязымбетов сынды спортшылардың жұлдызы жанды. Ал 2000 жылы Сиднейде қазақ жігіттері Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ыбырайымов биіктен көрінді. Ел спорттың одан кейінгі дәуірі Геннадий Головкин, Серік Сапиев, Александр Винокуров, Илья Ильин сынды мықтылармен жалғасты.

6 жазғы, 7 қысқы олимпиадаға қатысқан ел қоржынында қазір 72 медаль бар. Оның 16-сы алтын, 24-і күміс, 32-сі қола. Бұл үлкен жетістік. Қазір спорт кешендері бой көтеріп, ірі додаларды өзіміз өткіземіз.

Елсияр Қанағатов, Ұлттық Олимпиада комитеті спорт дирекциясының директоры:
Міне жақында қысқы спорт түрлерінен фристайлдан Алматыда алғаш рет Әлем чемпионатын өткіздік. Оны әркімге бере бермейді. Спорты дамыған елге, спортта жақсы нәтиже көрсетіп жүрген, ұйымдастыра алатын елдерге осындай жарыстарды береді.

7-ші Азия ойындары мен 28-ші қысқы Универсиаданы да абыроймен атқардық. Әрі өшкеніміз жанып, көнеміз жаңғырып жатыр. Қазір 25-тен астам ұлттық спорт түрі дамыды. «Қазақ күресі», «Саятшылық», «Асық ату» және «Тоғызқұмалақты» ЮНЕСКО мойындады. Ал «Қазақстан барысы» турнирі ұлттық спорттың брендіне айналды.

Серік Ерішұлы, ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы:
Қазақ күресімен елде 100 мыңнан астам адам айналысады. Қазақ күресінің 40 мемлекетте федерациясы ашылды. Қазір одан Әлем, Азия чемпионаттары өтіп тұрады. «Қазақстан барысы», «Жас барыс», «Әлем барысы». Ол өте жоғары деңгейде өтеді.

Қазір елімізде бұқаралық спортқа серпін берілді. Әсіресе ауылдық жерлерде спорт залдары көбейіп, арнайы спорт нұсқаушылары пайда болмақ. Ол халықты жаппай спортқа баулитын маман. Өйткені спорт-денсаулық кепілі. Ал дені сау ұлт – қуатты мемлекеттің негізі.

 Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу