Павлодар облысында үш айда 903 оқушы вирус жұқтырған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында үш айда 903 оқушы вирус жұқтырған

18.03.2021

Павлодар облысында оқушылар арасында коронавирус өршіп тұр. Соңғы үш айда 903 бала індет жұқтырған. Өңірдегі эпидахуалды жақсарту мақсатында вакцина көлемі де ұлғайтылды. Бастапқыда Павлодар облысына «Спутник V» препаратының 80 000 мың дозасы бөлінген болатын, қазір 92 950-ге көбейді. Оның 1300 дозасы кеше жеткізілді. Бүгінгі күнге дейін 3 815 адам екпе алды. Желтоқсан айынан бері вирус қатты таралған өңір осы аптада жасыл аймаққа енді. Деседе, балалар арасында аурудың өршуі алаңдатып отыр.

Ерғалы Асылбек, Денсаулық сақтау басқармасының медициналық ұйымдарды стратегиялық дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
Қаңтар айында 460 жағдай, ақпан айында 375 жағдай және осы наурыз айында 68 жағдай тіркелді. Оның ішінде 12 бала стационарлық емделуде. 38 бала амбулаториялық деңгейде ем алып жатыр. Олардың арасында ауыр жағдайлар тіркелмеген.

Солтүстікқазақстандықтар наурыз тойын үйлерінде тойлайды. Жылдағыдай мерекелік шара ұйымдастырылмайды. Топтасып жиналып, той-томалақ жасауға тыйым салынады деді мамандар. Қазір өңір «жасыл» аймақта. Петропавлдағы мониторингтік топ жыл басынан бері карантин талабын бұзған жеті мыңнан астам нысанды анықтады. Тәртіпке бағынбаған «Эмират» мейрамханасы жуық арада жабылуы мүмкін.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу