«Болашақ» бағдарламасына 28 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Болашақ» бағдарламасына 28 жыл

17.03.2021

1993 жылы қарашада Президенттің бастамасымен дүниеге келген халықаралық «Болашақ» бағдарламасы өткен 28 жылда өзінің өміршеңдігін толық дәлелдеген кешенді жоба. Бүгінде «Болашақ» бағдарламасымен білім алған 11 мың маман маңдай алды мекемелерінде қызмет етіп жүр. Олардың арасында 12 вице-министр және түрлі деңгейдегі әкімдер бар.

Оқу-білім жолында нақты нәтижеге жету қып-қызыл шығын, қыруар қаржыны талап етеді. Осыны о баста ұғынған Елбасы 1993 жылы «Болашақ» бағдарламасын жария етіп, ғаламдық өркениетке жол ашты. Ал, 2005 жылдан бастап, жыл сайын шетке оқуға аттанатын түлектер санын 3 мыңға жеткізді. Олар қазір сан түрлі салада еңбек етіп жүр.

Айнұр Қарбозова, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті:
Біздің медицина саласындағы әрбір шәкіртке кеткен қаржыны олар бір жылға жеткізбей экономикаға өтеп тастады деп толық сеніммен айта аламыз. Күрделі оталар шетелде кемінде 30-50 мың доллар.

«Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келген 790 маман денсаулық сақтау саласында еңбек етеді. Олар жыл сайын 200 мыңнан астам науқасқа операция жасайды. Ал, білім беру саласында 842 стипендиант жұмыс істеп жүр. Олар мыңдаған шәкіртке білім береді.

Тілеуберді Қуандықов, Алматы қаласының бас анестезиолог-реаниматологы. Коронавирус келгелі күн-түн демей қызметте жүр. Ес-түзсіз келген науқастарға шұғыл ем жасап, талай адамды аман алып қалуға себепкер болған.

Тілеуберді Қуандықов, Сызғанов атындағы ҰҒХО-ның бөлім меңгерушісі:
Осыдан 10 жыл бұрын. Д.Хопкинс университеті Америкадағы бірінші университет. Барған кезімде күрделі трансплантациялар істеліп жатқан кезде, бізде қашан істейді екенбіз деп ойлайтынмын. 1 жыл өткен жоқ, Сызғанов орталығында бауыр трансплантациясын жасай бастадық.

«Болашақ» түлектірінің 76 пайызы Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында қызмет етеді. Қалған 24 пайызы еліміздің басқа аймақтарында. Егер стипендия иегері республикалық маңызы бар қалаларда еңбек өтілін өтесе 5 жыл мерзім бекітілген. Ал, өзге өңірлерде бұл мерзім 3 жылға тең. Әділбек Жапақ, Уорвик университетінің түлегі. Өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, ой-өрісі кең болуына үлес қосып жүрген азаматтардың бірі әрі бірегейі.

Әділбек Жапақ, «Bilimkids» жобасының үйлестіруші менеджері:
Балабақшаларға әдістемелік құралдар дайындаймыз. Өзіңіз білесіз. Балабақшада контент өте аз. Соның бәрін жүйелеп балабақшаларға өнім ұсынып жатырмыз.

Бүгінде жастарымыз 19 мемлекетте оқып жатыр. Жалпы стипендиянттар саны 658. Оның 70-сі Қазақстан аумағында қашықтан білім алуды жалғастыруда. 

Ғабит Бөкенбай


Хабарламаларға жазылу