Президент «Алтын Ордадағы» жол құрылысын сынға алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент «Алтын Ордадағы» жол құрылысын сынға алды

17.03.2021

Алматы қаласындағы «Алтын орда» базарының маңындағы көпір құрылысы жыл соңына аяқталуы тиіс. Президент қаланы дамыту бойынша өткен жиында Үкімет басшысына осындай тапсырма жүктеді.

Сондай-ақ қаланы білім мен ғылым, инновация мен туризм орталығына айналдыру бойынша мәселер талқыланды.Мегаполис жанға жайлы, өмірге қолайлы болуы тиіс. Ол үшін шаһардың шағын және орта бизнесін жандандырып, инвесторлар тарту қажет.

Сондай-ақ, Алматы еліміздің негізгі туристік қаласы. Соңғы 10 жылда саяхатшылар саны үш есе өсті. Дегенмен қызмет көрсету саласында кемшін тұстар бар. Президент сол үшін арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ әлеуметтік салаға көңіл бөлу маңызды. Жұртты жұмыспен қамтып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасау керек. 2 миллионға жуық тұрғыны бар қалада былтыр екі мектеп пен 4 балабақша ғана ашылған. Бұл тым аз. Әкімдік осыған да көңіл бөлуі қажет. Шаһардың инфрақұрылымын да әрдайым жетілдіріп тұру керек. Алматылықтарды әсіресе, «Алтын орда» базары маңындағы көпірдің құрылысы әбден мезі етті. Құрылысты қатаң сынға алған Мемлекет басшысы жұмысты жыл соңына дейін аяқтауды жүктеді. Маңызды міндеттердің орындалуын Президент әкімшілігі бақыламақ.


Хабарламаларға жазылу