Президент «Алтын Орда» базары маңындағы жол айырығының құрылысын сынға алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент «Алтын Орда» базары маңындағы жол айырығының құрылысын сынға алды

21.03.2021

Алматы қаласын дамыту туралы кеңесте, әрине, көп проблема көтерілді. Иә, жылдар бойы жиналған мәселе Алматыға ғана тән емес. Әйтсе де көшбастаушы ең ірі қалада бүкіл потенциал пайдаланылмай, жаңа көзқарасқа, жаңа экономика шарттарына негізделген әрекет болмаса, тұрғындар үніне осы қалада құлақ аспаса бәрі бекер шығар... 

Жақсы бастамалар жоқ деп айтуға болмас, дегенмен Президент тоқталған көп проблеманың үшеуін атап өтсек, жалпы ахуалдан хабар берер. 

«Былтыр екі-ақ жаңа мектеп бой көтерді. Бес мектептің жанынан қосымша ғимарат салынды. Орын саны бар-жоғы төрт мыңға көбейді. Сонымен бірге небәрі 670 орындық төрт балабақша ашылды. Екі миллион тұрғыны бар қала үшін мұның қай-қайсысы да жеткіліксіз», – деді Мемлекет басшысы.

«Қалаға 300-ге жуық дәрігер қажет. Бұл өте көп. Егер Алматыда жағдай осындай болса, онда шет жатқан аймақтар туралы не айтуға болады» - бұл екінші цитата. 

Ал өз күнін өзі көріп жүргендердің қозғалысын шектеген, тіпті өгіз аяңға салып қойған «Алтын Орда» базары жанындағы жол айрығына орай:  «Мұны жұртшылық қала әкіміне талай рет айтқан. Алматы – Бішкек тас жолының осы жерден өтетін бөлігі былтыр салынып бітуге тиіс болатын. Қажетті қаражат толық бөлінген. Бірақ әлі нәтиже жоқ», – деді. 

Жан-жағының әл-ауқаты, мәдени және тұрмыстық дамуы өзіне тікелей байланысты болғандықтан, Алматының жеке дара емес, Алматы агломерациясының – яғни, қаумалай жатқан елді мекендермен бірге дамуы керек. Ақерке Бектас жалғастырады.  

Хабарламаларға жазылу