Түркістан облысындағы 70 мыңға тарта халқы бар Кентау қаласы төрт күннен бері жылусыз отыр. Демалыс күндері қатты бораннан жоғары кернеулі бағаналар құлап, жарық сөніп қалған болатын. Сөйтіп орталық қазандық істен шығып қалды. Ал, жылу құбырларына мұз қатып, қазір 61 көпқабатты үй мен мыңға тарта жер үйге жылу әлі күнге берілмеген.
Кентау қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінде тұратын Бейсенбаевтар отбасы осымен 4-ші суық үйде қалтырап отыр. Отағасы бірінші топтағы мүгедек. Газ қосып, пәтерді жылытуға мәжбүр. Жөндеу қызметінің мамандарын да шақырта алмапты.
Сейсенкүл Бейсенбаева, Кентау қаласының тұрғыны:
Жылуға барамыз, келмейді. Шақырамыз, телефон соғамыз келмейді. Түнде тіптен тоңып кетеміз. Кімге барарымызды білмейміз.
Кеншілер қаласында көпқабатты 350-дей тұрғын үй болса,соның 60-тан астамына әлі күнге жылу берілмеген. Қалғандары қосылғанымен, жылу мардымсыз. Бәрінен де жер үйдегілерге қиын соғып тұр.
Айнұр Ақбаева, тілші:
Кентау қаласындағы екі жарым мыңға жуық жеке үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Алайда мыңға тарта баспанаға жылу беретін құбырларда су қатып, жұрт жылусыз қалды. Мәселен мына құбыр екіге бөлініп, ішінде мұз қатқан. Ақауларды мамандар жөндеп үлгермеуде.
Бұл көріністі шағын шаһардың бірнеше көшесінен кездестіруге болады. Себебі ішінде мұз қатқан құбырлар шетінен жарылуда. Одан атқылаған ыстық су үйлерге кіріп жатыр. Құбырларды жөндеп жатқан адам жоқ, дейді тұрғындар. Кейбіреулері шағын пешпен күнелтуде.
Қалдыбай Жанысбаев, Кентау қаласының тұрғыны:
Қазір бала-шағаларымызды үйлерінде от жағатын құдаларымыздың үйіне жан-жаққа таратып жібердік. Үйде бір-бір адамнан қалдық. Бірауыз ескерту болғанда судың бәрі ағызар едік әр үйден, элеваторларымыздан шығарып тастар едік. Сол кезде мынандай жағдай болмас еді.
Мемлекеттік мекемелерде де жағдай мәз емес. Қызметкерлер ғимарат ішінде су кешіп жүр. Қол күші жетпей жатқандықтан Түркістаннан көмек шақыртқан.
Дәурен Махажанов, Кентау қаласының әкімі:
Бір мың трубаны күн-күнде жөндеуге мүмкіндік жоқ. Бір мың адам табылмайды, бір мың бригада. Бізге қазір облыстан да бөлініп жатыр, басқа мердігерлер тарапынан да сварщиктер. Ол жерге тағы мамандар керек. Тек қана дәнекерлеушілер керек. Басқа мамандар керек емес. Сол себепті тапшы болып отыр.
Қалай болғанда да осымен төртінші тәулік жағдай қалыпқа келер емес. Қазір 21 арнайы бригада құбырларды жалғауға жұмылдырылған. Алайда Кентауға толық жылудың қашан берілетіні әзірге белгісіз. Алдын ала болжам бойынша табиғи апаттан 65 млн теңге шығын келген.
Айнұр Ақбаева