Басты Жаңалықтар Асқар Маминнің БАӘ сапары: 2,2 млрд долларға инвестициялық келісім жасалды

Асқар Маминнің БАӘ сапары: 2,2 млрд долларға инвестициялық келісім жасалды

2 миллиард 200 миллион доллар. Бұл Біріккен Араб Әмірліктерінен тартылатын инвестиция. Үкімет басшысы Асқар Мамин Абу-Дабиге жұмыс сапары аясында елдеің премьер-министрі шейх Мұхаммед ибн Рашид әл Мактуммен кездесті. Сондай-ақ Президент істері жөніндегі министр, шейх Мансұр бен Заид әл Нахаянмен келіссөз жүргізді. Нәтижесінде ішкі және сыртқы нарықтарда әлеуетті өндірістер құрып жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген.

Біріккен Араб Әмірліктерімен берекелі келісім бекіді. Бірлескен жобаларды іске асыру жөнінде 17 үкіметаралық және коммерциялық құжатқа қол қойылды. Осылайша елге 2,2 млрд доллар инвестиция тартылады. Қаржыға құс фабрикалары мен сүт-тауар фермаларын салу жоспарланған. Бұл тізімде жемістер мен саңырауқұлақтарды өндіру мен өңдеу де бар. Сондай-ақ Екібастұз өнеркәсіптік аймағында Индустриялық парк және «Қатонқарағай» туристік кешені құрылмақ. Электромобильдер бөлшектері өндірісін ашу да көзделіп отыр.

Ариф Мапара, «CANARAX TRADING LLC» компаниясының директоры:
Біріншіден және ең маңыздысы – БАӘ мен Қазақстан үкіметтерінің түрлі жобаларға қол қоюын көрудің өзі қуаныш. Біз негізінен индустиалдық аймақ мәселелеріне көбірек мән беріп отырмыз. Келешекте өзге де өнеркәсіп салаларына инвестиция тартамыз деп ойлаймын.
Ашиш Каул, «SSA AGRI DMCC» компаниясының өкілі:
Біздің қазірдің өзінде Хоргоста фабрикамыз бар. Оған 18 миллион доллар қаражат салдық. Кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Алдағы жоспарымыз – Қазақстанның ауылшаруашылығы секторында өсу. Өйткені, елдің бұл саласында жобалар жеткілікті.

Арабтар Қарағанды облысында сумен жабдықтау және су бұру жобаларына да қатысады. Ал, агро өнеркәсіптік кешен жобаларын қаржыландыру үшін екі ел жалпы капиталы 100 млн доллар болатын бірлескен қор құруға ниетті.

Надждип Хури, «Mirak group» компаниясының басқарма төрағасы:
Қазақстан – әлемде ауылшаруашылық әлуеті зор санаулы елдердің бірі. Инвестиция салу үшін ең қолайлы мемлекеттер қатарында. Біздің осы салада 40 жылдық тәжірибеміз бар. Оның үстіне, елдің халқы да жақсы, инвестициялық ахуалы да жағымды.

Биыл мамыр айынан бастап екі ел арасында тұрақты әуе қатынасы орнайды. Әмірліктің «Wizz Air Abu Dhabi» лоукостері «Абу-Даби – Алматы» және «Абу-Даби – Нұр-Сұлтан» бағыттары бойынша ұшады. Жұмыс сапары соңында ел Премьер-Министрі Біріккен Араб Әмірлігі батырларының «Уахат әл-Карама» мемориалына гүл шоқтарын қойды. Мұхаммед бен Заид атындағы жасанды зерде университетіне барды.

Нысаналы Ығыл


Бөлісу