Келеңсіз жайттың болғанын мектептің директорының өзі де растап отыр. Оқушыға зәбір көрсеткен инспекторға қатысты қазір тергеу жұмыстары басталды.
Бұл қаладағы ең ескі мектептердің бірі. Мың жарым бала білім алады. Білім ордасының ұжымы болған оқиғаны растайды. Ал, мектеп директоры тіпті, инспектор өзінің қызметін асыра пайдаланды деп отыр.
22 қыркүйек күні соңғы сабақта инспектор кезекші мұғаліммен бірге балаларды түгендеген. Тексеру кезінде мектеп формасын сақтамаған оқушы көзге түскен. Оқушының міндетін түсіндірген, бірақ соңында жеткіншек инспектордан таяқ жейді.
Сания Данишева, №2 мектептің директоры:
- Мектеп инспекторы өзінің қызметін пайдаланып, негізгі міндетіне кері әрекетке барып, оқушыны ұрған. Сол күні полицияға шағымдандық. Ата-аналары шақырылды. Қазіргі кезде екі тарап татуласты.
Білім ордасындағы бассыздық әлеуметтік желіге жарияланып кетті. Онда оқушының мойнындағы жарақаты анық көрінеді. Ата-аналар бұл жағдайдан кейін балаларын мектепке жіберуге жүрексініп қалғандарын айтады.
Нұрсұлу Жолымова, қала тұрғыны:
- Оныкі әрине, дұрыс емес. Балалар үшін қорқамыз, әрине. Мінекей, күтіп алып, шығарып салып, осы кісілердің қолына тапсырып отырмыз.
Инспектор сол күні қызметтен шеттетілді. Бұған дейін әлеуметтік желіде инспектордың электрошокер қолданғаны туралы да ақпарат тараған еді. Бірақ, ол расталмады.
Ерболат Сарқұлов, облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Ағымдағы жылдың 22 қыркүйек күні №2 орта мектепте болған оқиғаға байланысты қызметтік тексеру басталды. Тексеруден соң шешім қабылданады. Алайда, жасөспірімдер ісі жөніндегі инспектордың электрошокер пайдаланғаны расталған жоқ.
Зәбір көрген оқушы сабаққа келіп жүр. Ал, шектен шыққан инспектордың орнына басқа маман тағайындалды.
Жақсыбек КЕМАЛ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.